Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті 733 өндірістік нысанның жұмысы тоқтатылды

Динара Амантай

254 млн теңгеден аса сомаға 1 708 әкімшілік айыппұл салынды

Фото: Halyq Uni

Бақылау-қадағалау қызметі шеңберінде тексеру жүргізу барысында 34 617 өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзушылық анықталды. Бұл туралы ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов мәлімдеді, деп хабарлады Halyq uni тілшісі.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «2022 жылғы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау-қадағалау қызметінің қорытындылары туралы» баспасөз конференциясы өтті. Оның барысында елімізде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында 10 мыңға жуық өнеркәсіптік кәсіпорын қадағаланатыны, олардың құрамында 200 мыңнан аса қауіпті өндірістік нысандардың бар екендігі айтылды.

Бақылау-қадағалау қызметі шеңберінде 2022 жылы апаттар мен оқиғалардың алдын алу мақсатында 2 450 тексеру жүргізілді. Оның ішінде ерекше тәртіп бойынша 1 355 тексеру және 1 095 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 38 277 нысан тексерілді», – деді Нығмеджан Мақажанов.

Тексеру қорытындысы бойынша барлығы 34 617 өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзушылық анықталып, 254 млн теңгеден асатын 1 708 әкімшілік айыппұл салынды.

Адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қаупін туғызатын өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін 733 қауіпті өндірістік нысан тоқтатылды.

Спикер биыл ерекше тәртіп бойынша тексерулер заң жүзінде алынып тасталғанын атап өтті. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органға бақылау функциясы берілген.

Қорытындылай келе, Нығмеджан Мақажанов өндірістік нысандардағы қауіпсіздікті және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы құқықтық тәртіпті нығайту бойынша тұрақты жұмысты жалғастыру қажеттілігін атап өтті.

Комитет төрағасы өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бизнестің, қоғамның және мемлекеттің ортақ және бірлескен жауапкершілік аймағы болып табылады.