Сарапшылар бұл мәселені Human Rights Hub алаңында талқылады
Біздің қоғамда пікірі қалыптаспаған, ешқандай да тарапты қолдамайтындардың үлесі басым. Ондай топты үгіттеушілер ұстанымын әлі айқындамаған саяси электорат секілді өз пайдасына жаратып кетуі мүмкін. Сондықтан қазіргідей Украинадағы соғыс жағдайында фейк ақпараттарға сеніп, Ресей пропагандасына еріп кетпеуі керек. Human Rights Hub алаңында «Ресей басқыншылығы мен Украинадағы соғыс жағдайындағы бір жыл» тақырыбымен өткен сарапшылар талқысында осы мәселе сөз болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мамандардың айтуынша, қазақстандықтардың көпшілігі Украинадағы соғысты екіұдай күйде қабылдайды. Әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев оған DEMOSCOPE жүргізген сауалнама нәтижесін мысалға келтірді. Мыңнан астам адам қатысқан сауалнамада ондағы соғысты отандастарымыздың қабылдауы мен ұстанымы, тараптарды қолдауы және шешім жолы секілді мәселелерге көзқарасын білген.
Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі (59%) бейтарап қалғанды жөн санаған. Мәселен, «мұндай жағдайда Қазақстанның позициясы қандай болуы керек?» деген сауалға қазақстандықтар көбіне «бейтарап қалғаны, араласпағаны жөн» деп, сонымен бірге, «бітімгер рөлін алып, тараптарды келісcөзге шақыруы керек» деген ойын айтқан.
Салыстырмалы түрде алғанда азаматтардың көпшілігі (45%) екі ел арасында болып жатқан қақтығысқа қандай да бір баға бере алмаған. Ал «қандай ақпарат көзінен алып отырасыз?» дегенде әлеуметтік желі мен ютубты көрсеткен. Сондай-ақ, жас ерекшеліктеріне қарай пікір алуандығы да байқалып отыр.
«Қоғамда пікірі қалыптаспаған, ешқандай да тарапты қолдамайтындардың үлесі басым. Бұл біздің қоғамдағы саяси оқиғаларға деген қызығушылықтың, бұл оқиғаға деген өзіндік ұстанымын қалыптастыруға деген мүмкіндіктің әлі де жоқ екенін көрсетеді. Сондықтан да бұл мәселенің бізде әлі де жауабы жоқ», – дейді Серік Бейсенбаев.
Әйтсе де DEMOSCOPE-тың наурызда жүргізген сауалнамасында 36% респондент Украинада қазір «Ресейдің Украинадағы ұлтшылдарға қарсы әскери операциясы» болып жатыр дегенге сенеді. 26% «Украинада НАТО әскерін орналастыруға жол бермеу үшін болып жатқан Ресей-Украин соғысы» болып жатыр дейді.
Factcheck.kz бас редакторы Думан Смақовтың сөзінше, түрлі фейк ақпаратпен берілетін Ресей пропагандасының жетегіне еріп кетпеу керек.
Мысалы, Қырым қақтығысы кезінде «Распятый мальчик», яғни айқышқа қадап өлтірілген бала деген фейк болды. Ресейдің бірінші арнасы көп таратты. Қырымда тұратын украин халқы жауыз, орыс баласын Иса пайғамбар секілді айқышқа іліп тастаған деген секілді көрсетуге тырысты. Сол секілді «Қазақстанда қазақ балалары орыс балаларын ұрып жатыр екен, өлтіріп қойыпты» деген секілді фейктер тарады. Бұл өте үлкен қорқыныш. Технологиялық тұрғыдан Қырымдағы жағдаймен Қазақстандағы жағдай өте ұқсас, – дейді ол.
Оның сөзінше, былтыр соғыстың алдында Украина халқын, не басшыларын нацист, болмаса фашист ретінде көрсететін жағдайлар жиі кездесті. Оның бірі 2021 жылы қараша айында «Украинада орыс тілінде сөйлеуге мүлде тыйым салыпты, бұл не сұмдық, Украинадағы орыстардың жай-күйі не болмақ?» деген сарында ресейлік медиалар өте көп ақпарат таратқан. Зерттеп қараса, Қаулы шыққан екен. Онда орыс тілінде сөйлеуге тыйым салынбаған. Тек қызмет көрсету саласында украин тіліне басымдық беру жөнінде айтылады.
Айта кетерлігі, Қазақстанда да 2021 жылдың 29 желтоқсанында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымдарда қазақ тілінде қызмет көрсету, жоба-құжаттарда қазақ тіліне басымдық беру жөнінде соған ұқсас заңға қол қойған. Бірақ біздегі заңда жаза жоқ. Ал Украина заңында әкімшілік жауапкершілік бар.
Сол мәселені ресейлік медиа «түймедейді түйедей етіп», үлкен қорқыныш етіп, «бүкіл орыс халқына қауіп төніп тұр, ертең Украинадағы барлық орыстың күні не болады?» деген секілді риторикада пайдаланды. Өкініштісі, осындай жағдайлар жиі кездеседі, – дейді Думан Смақов.