Ақмола облысында пойыз 32 жылқыны қағып кетті

Динара Амантай

28 жастағы ер адамға айыппұл салынды

Фото: polisia.kz

Ақмола облысында жүк пойызы 32 жылқыны қағып кетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 25 ақпанда Ақмола облысының Көкшетау-Жамантұз станциясының өткелінде жүк пойызының машинисі темір жолда жылқылардың жайылып жүргеніне байланысты шұғыл тежегішті басқан. Алайда соқтығысудың алдын алу мүмкін болмай, салдарынан пойыз 32 жылқыны қағып кетті.

Пойыз 50 минут тоқтап тұрған.

Теміржол аумағында жылқылардың жайылуына жол берген Игілік ауылының 28 жастағы тұрғыны анықталды. Малдың қалған иелері – осы ауылдың тұрғындары үй жануарларын кезекпен жайып жүргендерін түсіндірді.

ҚР ӘҚБтК 559-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.