×

Мемлекеттік рәміздерге құрмет: 32 мекемеге түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Мемлекеттік рәмізді қорлаған азамат сотталуы мүмкін

 Ая Өміртай 27.02.2023 | 11:12
Фото: almaty.tv

Биыл 32 мекемеге мемлекеттік рәміздер бойынша заңнама талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды, Halyq Uni.

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының хабарлауынша, басқарма «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» ҚР Заңының сақталуына елорда аумағында орналасқан мекемелерде мониторинг жұмыстарын жүргізеді.

«Мониторинг жүргізу уақытында мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуына, орнатылуына, орналастырылуына басты назар аударылады. Жалпы 2022 жылы – 115 мекеме (75 білім, 17 спорт және 23 денсаулық сақтау мекемелері), биыл 32 аумақтық мекемелер қамтылды. Мониторинг барысында мекеме өкілдерімен тиісті заңнама талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, басшылар кабинеттерінде мемлекеттік рәміздерді орналастыру және Мемлекеттік рәміздерге арналған экспозицияларды орнату бойынша ұсыныстар берілді. Аталған ескертулер бойынша мекеме әкімшіліктері тез арада тиісті жұмыстар жүргізіп, аталған кемшіліктерді жойды. Барлық мекемелерде мемлекеттік рәміздерге қатысты құжаттар, оның ішінде бұйрық, акт, бланкілер дұрыс толтырылған», – делінген ресми жауапта.

Сонымен қатар, әкімдіктің барлық мемлекеттік мекемелері мен аумақтық департаменттеріне Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған мемлекеттік рәміздерді пайдалану бойынша электрондық әдістемелік құрал таратылды.

2023 жылы мемлекеттік рәміздерге қатысты қандай да бір заң бұзыушылық тіркелмеген.

Айта кетелік, ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабында мемлекеттік рәміз болып саналатын ту, елтаңба, әнұранды қор қылған азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оған 2 мың АЕК (6 млн 360 мың теңге) айыппұл салынады. Немесе ол 600 сағатқа қоғамдық жұмысқа жегіледі. Тіпті екі жыл бас бостандығын шектеу немесе дәл осы мерзімге темір торға қамау жазасы қарастырылған.

Ал рәміздер туралы заң бойынша мемлекеттік ұйымдардың ғимаратында, ұлттық компанияларда, Қазақстанның шет елдердегі ресми мекемелерінде ту, елтаңба, әнұран мәтінінің болуы міндеттелген. Ал жекеменшік нысандарда рәміздерді пайдалануға тыйым салынбайды. Бірақ кез келген жерде рәміздер белгіленген талапқа сай болуы тиіс.

Мәселен, мемлекеттік ұйымдарда олардың көлемі, қойылатын орындар белгілі тәртіппен орналастырылады. Тіпті ғимараттың сыртында тұратын рәміздерге түнгі уақытта жарық түсіп тұруы керек деген талап бар.

Егер аталған мекемелер бұл талаптарды орындамаса, оның тікелей басшысы заң алдында жауап береді. Мұндайларға қандай шара қолданылатыны ӘКҚтК-нің 458-бабында көрсетілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама