Барлығы 43 қылмыстық іс тіркелді
Ішкі істер органдарында 2022 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша 43 қылмыстық іс тіркелді. Өткен жылы 4 мыңнан астам азамат қаржы пирамидаларының құрбаны болды. Оларға келтірілген залал 3 млрд. теңгені құрады, деп хабарлайды Halyq Uni.
ІІМ мәліметінше, аталған істер бойынша 61 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 46 адам сотталды.
Былтыр ішкі істер органдары өндірісінде барлығы 81 іс болды, оның ішінде 23 іс өндіріспен аяқталды, оның ішінде 22-і сотқа жіберілсе, біреуі ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды, – деп жауап берді ішкі істер министрлігі редакцияның ресми сауалына.
Ал биылғы бір айда, яғни 2023 жылы жоғарыда аталған бап бойынша қылмыстық істер тіркелген жоқ.
«Биылғы жылы қылмыстық жауапкершілікке 5 адам тартылды. Биылғы жылға жеткен 34 қылмыстық істің 4-еуі өндіріспен аяқталып, сотқа жолданды. Қалған істер бойынша тергеу жалғасуда», – дейді министрлік.