×

Елімізде қай өңірлер ауыз сумен толық қамтамасыз етілген?

Ел бойынша 4 909 ауылдың тұрғындары ауыз суға қол жеткізген

 Халық үні 27.02.2023 | 10:15
Фото: kzvesti.kz

Қазақстандықтар ауыз сумен 2025 жылға дейін толық қамтамасыз етіледі, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Министрлік Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында бір жылда  ауыз сумен қамту қалаларда 0,3%-ға, ал ауылдарда 1,5%-ға өскенін мәлімдеді.

2021 жылдағы ақпарат бойынша, республикадағы қалалардың 98,1 пайызы, ауылдардың 93 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2022 жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік қалаларда 98,4% және ауылдарда 94,5% болды.

Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда қалаларда (98,1%) және ауылдарда (93%) 0,3% және 1,5%-ға өскен.

Қазақстан бойынша 6 293 ауыл бар, оның ішінде 4 909 ауыл ауыз сумен қамтамасыз етілген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдында 1 384 ауылды сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл ауылдардың 416-сын орталықтандырылған сумен жабдықтау қажет болса, 695 ауылда кешенді блок-модульдердер орнатылуға тиіс.

Сондай-ақ министрлік 2022 жылы қанша ауылда сумен жабдықтау желілері мен су тазарту жүйелерінің құрылысы аяқталғанын хабарлады.

2022 жылы қалаларда 1 598,4 шақырым және ауылдарда 3 577,4 шақырым су құбыры желісі салынды және қайта жаңартылды, - делінген министрлік ұсынған ресми ақпаратта.

2023 жылы республикалық бюджеттен сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі 299 жобаны іске асыруға 171,8 миллиард теңге бөлінген.

«Оның ішінде қалаларда 82 жобаны іске асыруға 93,3 миллиард теңге және ауылдарда 217 жобаға 78,5 миллиард теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша қалаларда 98,7% және ауылдарда сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізуді 96% қамтамасыз ету жоспарланып отыр», - делінген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауабында.

Қалаларда ауыз сумен қамту деңгейі төмен өңірлерге келсек, бұл тізімде Жамбыл облысы – 91%, Павлодар облысы – 95% және Ақмола облысы 95,1% тұр.

Ал ауылдар бойынша ең төменгі көрсеткіш Қостанай (74,9%), Жетісу (82,8%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (83,5%) байқалады.

Ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша бастапқы орында Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары тұр. Бұл облыстардағы қала тұрғындары суға толық (100%) қосылған.

Ауылдарда ауыз сумен қамтудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау – (100%), Атырау (99,3%) және Алматы облыстарында (99,2%) байқалады, - делінген ақпаратта.

Министрлік жоспарына сәйкес, қазақстандықтар 2025 жылы ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі.

«Мемлекет басшысының халықты бес жыл ішінде ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда және 2025 жылы халықты 100% қамтамасыз ету жоспарланып отыр», - делінген ақпаратта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама