×

«Нәжісті орманға төккен»: Балқарағай демалыс аймағына айыппұл салынды

Нәжіс таза суға араласса, экологиялық апат болады

 Айнұр Шошаева 27.02.2023 | 08:56
Фото: galamat.com

Астана іргесіндегі «Балқарағай» демалыс аймағына экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл салынды. «Әділдік жолы» РҚБ Астана қалалық филиалының жетекшісі Дархан Кұлжамбековтің сөзінше, салынған айыппұл көлемі тым аз, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Жақында бізге осы демалыс аймағы туралы ақпарат келіп түсті. BalQaragai Астанадан бөлек орналасқан және тиісінше қалалық коммуникацияларға қосылмаған. Ал демалыс аймағына келушілер көп келетінін ескерсек, қалдықтар мәселесін шешу қажет», – деді ол. 

Оның айтуынша, демалыс аймағының басшылары нәжісті  500 метр жердегі орманды алқапқа төгіп отырған. 

Белгілі болғандай, BalQaragai басшылығы бұл мәселені өте қарапайым жолмен шеше салды – олар нәжісті үлкен ассенизатор машинамен демалыс аймағынан 500 метр қашықтықта, орманды алқапқа төге салды. Елестетіп көріңізші, КАМАЗ бөшкесінің көлемі шамамен 10-13 текше метрді құрайды, күніне 2-3 рейс ағызылады, бұл сәйкесінше 30 текше метрден асады, ал айына бұл 900 текше метр, жылына 10800 текше метрді құрайды. Сондай ақ  аумақта су қабылдау қондырғылары бола тұра, орталық сумен жабдықтау жоқ екенін ескерсек ағызылатын нәжіс су ұңғымаларына түсуі мүмкін, осылайша таза, ауыз суды ластайды, – деп қосты қоғамдық ұйымның жетекшісі. 

«Әділдік жолы» аталған мәселе бойынша Бас прокуратураға хат жолдап, «BalQaragai Country Club» ЖШС тексеріс ұйымдастыруды сұрағанын атап өтті. 

«Біздің өтінішіміз бойынша Ақмола облысы бойынша Экология департаменті тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша демалыс аймағы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 15 АЕК айыппұл салынды. Сонымен қатар, Ақмола облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тексеру жүргізіп, Орман кодексінің нормаларын бұзу фактісі анықталды. КАМАЗ дың жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 8 625 теңге айыппұл салынды», – деп қосты Дархан Кұлжамбеков. 

Сонымен қатар, ол тұрмыстық қалдықтардың төгілуінен келтірілген залал үшін 158 335 теңге өтелгенін атап өтті. Алайда  ол салынған айыппұл көлемінің  мөлшері аз деген пікірде. Оның пікірінше, Астанада ауаның, су ресурстарының ластануымен, қалдықтарды заңсыз төгу, көгалдандырудың аздығы сияқты проблемалары жеткілікті.  

Бұған таза ауыз судың нәжіс қалдықтарымен ластану мәселесі қосылса, онда бізді халықтың денсаулығы үшін зардаптары бар экологиялық апат күтіп тұр, – деді Құлжамбеков. 

Айта кетейік, BalQaragai демалыс аймағы экс депутат Бекболат Тілеуханның отбасына тиесілі. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама