×

«Мен бұл баланы не қыламын?»: Аналар үйіндегі қыз-келіншектердің өмірі

Өкінішке қарай, жас аналар ер азаматтардың арбауына сеніп, жүкті болып қалатын кездері жиі кездеседі

 Халық үні 26.02.2023 | 21:49
фото: ontustik.tv

Бүгінде шарасыз далада қалған жалғызбасты жас ана жылы пананы жақындарынан емес, «Ана үйі» қоғамдық қорынан іздейді. Алғашқыда жас аналарға арналған дағдарыс орталығы болып ашылған мекеме бүгінде ресурстық бағытқа бет бұрған. Орталықтың қазіргі жұмысы туралы Астанадағы «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі Гүлнар Шарипова айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Қоғамдық қор тек жалғызбасты жас аналарға немесе некесіз аяғы ауыр болып қалған қыз-келіншектерге көмек көрсетеді.

«Себептері әртүрлі. Біреулері алданып қалған, енді бірін тастап кеткен. Сонымен қатар, біздің менталитетке сай, көбі өз жағдайларын ата-аналарына айтпайды. Мұнда келетін қыз-келіншектердің бәрі алғашқыда стресстік жағдайда болады. Одан бөлек, көбінің балалық шағындағы психологиялық травмалары бар. Бала күндері аналарының махаббатын сезінбеген қыздар бірден байқалады. Көп қыздардың ата-аналары ажырасып кеткен болып шығады. Кейбірінің анасы бала күнінде қайтыс болып кетіп, әкесі екінші рет үйленгендер де бар. Ал өзгелері толыққанды отбасында өскенімен, ата-анасының біреуі ішімдікке салынған болуы мүмкін. Тіпті кейбірі бала күнінен тұрмыстық жанжалдың ортасында өскен. Әдетте көбі үлкендерден көргенін қайталады. Сондықтан да олар үшін мұның бәрі қалыпты жағдай болуы мүмкін. Себебі олар одан жақсы өмірді көрмеген», - дейді Гүлнар Шарипова.

Ана үйіне тап болғандардың басым бөлігі азаматтық некенің құрбандары. Жоспарламаған жерден аяғы ауыр болып, алайда шаңырағы шайқалып, соңында жалғыз қалғандар. Мұнда келетіндер қордың мекенжайын көбіне әлеуметтік желілер арқылы біліп жатады. Орталықтың байланыс нөмірі тәулік бойы жұмыс істейді.

«Кейбіреулері келгеннен кейін ішіндегі сырын ақтарып, психологпен сөйлесіп, 1-2 сағаттан соң қайтып кетіп қалатындары бар. Қиын жағдайға тап болған жас аналардың көбі босанғаннан кейін депрессияға түсіп жатады. Өйткені олардың жанына медеу болатын адамдары жоқ. Бұл жер үлкен отбасы сияқты. Мұнда тіпті күйзеліске түсетін де уақыт жоқ. Әркімнің мойнына жүктелген міндеттері бар, кезекшілік бойынша тамақ істейді, кір жуады, үй жинайды. Оның үстіне бұл жерде тек қыз-келіншектер тұратындықтан, арасында сөзге де келіп қалады. Сондай-ақ, жарты күннен жұмыс істейтіндер де бар. Олар балаларын бөлмесіндегі көрші келіншектің қарауына қалдырып, өздері жұмысқа барып келеді», - дейді қордың үйлестірушісі.

«Ана үйі» қоғамдық қоры психологтың, заңгердің көмегімен ғана шектелмейді. Мұнда түрлі оқу курстары да бар. Бүгінде орталықтағы қыз-келіншектер табыс табуға болатын түрлі мамандықтарды меңгеруде.

«Ең алдымен айта кетерлігі, бізде барлығы тегін оқытылады. Мәселен, бүгін келген тренердің бір курсын оқу бір миллион теңгеге дейін барады, бірақ ол осындай жерге келіп, өз білгенін тегін үйретіп кетті. Осындай түрлі мамандықты үйрететін курстар бар. Мұнда келетіндердің көбісінің жоғары білімі жоқ. Сондықтан да біз түрлі курстарды оқытамыз. Аспаздыққа, массаж жасауға, бет әрлеу сынды түрлі мамандықты үйренуге мүмкіндік бар. Яғни көмек жан-жақты көрсетіледі. Өйткені алты айдан кейін бұл жерден шыққан ана өз жағдайын өзі жасауы керек болады», - дейді ол. 

Соңғы жылдары елімізде жаңа туған шақалағын бірде қоқысқа, бірде дәретханаға тастау белең алып кетті. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін орталық қаладағы барлық перзентханамен тығыз байланысты жұмыс істейді. Гүлнар Шарипова талай қыздың ауыр тағдырын естіп, тіпті кейбірінің арам ойын іске асырудан аман қалып қалған адам.

«Бізде де қуанышты сәттер болады. Бірде маған перзентханадан хабарласып, бір жас анаға көмек керектігін айтты. Бардым. Енді ғана босанған жас қыздың боздап жылап отырғанын көрдім. Жанында анасы отыр. Олар басқа өңірден келген екен. Некесіз қыздың аяғы ауыр болып қалған, жасы 19-да. Жоспарлары бойынша, әлгі жас қыз осында жасырын түрде босанғаннан кейін баланы балалар үйіне тастап, қайтып ауылға қайтулары керек болған. Алайда жас ана ойынан айнып, шақалағын өз бауырында қалдырғанды жөн көреді. Бірақ қыздың анасы оның бұл шешіміне қарсы келіп, әкесінің ашуымен қорқытады. Өйткені туған-туыстан, ауылдағылардан ұят болады дегенді алға тартады. Содан мен алғашында жылы сөзбен көндіруге тырыстым. Бірақ болмады. «Баланы тастап кетеміз» деген шешімінен анасы таймады. Ал босанған қыз баласынан бас тартпаймын деп өкіріп отыр. Сосын мен жас ананың анасына «Сіздің қазіргі әрекетіңіз баланы қоқысқа тастағанмен тең» дедім. Тек содан кейін ғана ойланып, қызын Ана үйіне уақытша орналастыруға келісті. Алғашында қиын болғанымен, уақыт өте бұл жаңалықты әкелеріне де айтты. Бір қызығы, әкесінің тарапынан баланы қабылдауға қатысты ешбір қарсылық болмаған. Жылдар өткен сайын әлгі туылған қыз сол әулеттің ең сүйіктісіне айналып, атасы мен әжесінің қолында қалды. Ал жас ана тұрмысқа шығып, өмірін ары қарай жалғастырып жатыр. Атасы кейде өзінің сондай қатал ұстанымы үшін немересінен кешірім сұрайды екен», - дейді Гүлнар Шарипова.

Аналар үйіне келетіндердің кейбірі балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілері. Өкінішке қарай, олар да ер азаматтардың арбауына сеніп, жүкті болып қалатын кездері жиі кездеседі. Ата-ана махаббатын сезбей өскендердің, әсіресе, ана болуға моральдық тұрғыдан да, материалдық тұрғыдан да дайындықтары жоқ болып жатады.

«Олар өздері көрмеген махаббатты өзгеге бере алмайды. Бізге келген сондай қыздардың бірі алғашында өзінің аяғы ауыр күйін қабылдай алмады. Тіпті «мен бұл баланы не қыламын?» деген кездері де болды. Біз оның балаға деген махаббатын ояту үшін осындағы қыздардың сәбилерін қаратқыздық. Ол баланы құшақтап, иіскеп, онымен тілдесу арқылы ақырындап үйрене бастады. Кейін өзі босанғаннан соң баласына ұзақ қарайлап отырып, оны ешқашан тастамауға уәде берді. Ол қыз ана үйінен кетсе де, біз онымен хабарласып тұрамыз. Қазір ол өз баласына шаң жуытпайды. Осылайша, біз ананың балаға деген махаббатын ояту арқылы баланың анасыз өспеуіне жол бермеуге тырысамыз», - дейді Гүлнар Шарипова.

Орталықта жас аналарға отбасы құндылықтары да жіті түсіндіріледі. Өйткені бір рет қателескен адам, екінші қателікке жол бермеуге тырысу керек.

«Олар бұл жерден шыққаннан кейін қоғаммен дұрыс байланыс орнана білулері керек. Мұнда келетіндердің бәрі жас. Әлі де жаңа таныстықтың болатыны анық. Бала ол ата-ананың өз қалауымен дүниеге келуі керек. Сондай-ақ, қазір ажырасулардың басым бөлігі күйеу жігіттің туысқандарымен бас сыйыспауынан болып жатады.  Сол үшін біз қыз-келіншектердің ер азаматтың ата-анасын сыйлауы керектігін де жиі айтамыз. Әрине, кінә бір жақтан болмайды. Десе де дұрыс ақыл-кеңес ешкімге артық етпейді. Өмір деген қып-қысқа, барды бағалап үйренуіміз керек. Біз осындай құндылықтарды түсіндіреміз», - дейді қордың үйлестірушісі.    

Ана үйі қоғамдық қоры Сәбилер үйімен де әріптес қарым-қатынаста жұмыс істейді. Гүлнар Шарипованың сөзінше, бүгінде қор ана мен баланың бір-бірінен ажырамауы үшін барын салуда.

«Мәселен, жас ана баласын босанған сәтте оны бағып-қағатын мүмкіндігі болмаса, ол бөпесін Сәбилер үйіне алты айға қалдыра алады. Біз сондай аналармен де жұмыс істейміз. Сәбиін тастаған немесе тастамақ ойы бар аналармен кездесіп, олармен жұмыс жасаймыз. Әр адамның бойында ресурсы бар, бастысы ниеті болса болғаны. Егер табыс көзі жоқ болса, оған жұмыс тауып беруге көмектесеміз. Біздің мақсатымыз анасы мен баласын бір-бірінен ажыратпай, екеуінің ары қарай бірге болуына ықпал ету. Негізі баланы тіпті жарты жылға да  қалдыруға болмайды. Өйткені ол психологиялық травмаға әкеп соғады. Ол адамның бойында мәңгілікке қалуы мүмкін. Сондай-ақ, баланы Сәбилер үйіне алты айға қалдыру оңай, бірақ қайтып алу өте қиын. Мемлекет баланы жайдан-жай бере салмайды. Біз қиын жағдайға тап болып, екі ойда жүрген жас аналарға осыны жиі айтамыз», - деді Гүлнар Шарипова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама