Күзетші оларға ұлттық киіммен жүру үшін орталықтың әкімшісінен рұқсат сұрау керектігін ескертті
Қостанай қаласында кимешек киіп, ойын-сауық орталығына барған оншақты әжейді күзетші қуып шықты.
Бір-біріне «мұнда ән айтпаңдар» деп ойын-сауық орталығы өкілінен ығыңқырап жүргендеріне қарағанда, олар әжелер ансамблінің мүшелері болуы мүмкін. Бәрі 3-қабатқа көтерілген кезде алдарынан күзетші шыққан. Ол бірден қазақтың ұлттық киіміндегі қариялардан орталықтан шығып кетулерін сұрайды.
Түсірілген видеода күзетші әжелерге ұлттық киіммен жүру үшін орталықтың әкімшісінен рұқсат сұраулары керектігін түсіндіріп тұр. Ал олар «Киімімізге не болыпты? Елдің бәрі қалағанын киіп жүр ғой» деп қарсылық танытқанмен, күзетші ол уәжге құлақ аспаған.
Видеоны түсіріп тұрған жігіт оқиғаның қайда, қалай болғанын баяндады. Ол да, желі қолданушылар да ойын-сауық орталығы әкімшілігінің мұндай әрекетін орынсыз деп айыптап жатыр.