Астанада шетелдік азаматтарға қатысты 184 заң бұзу дерегі анықталды
Оның біразы емін-еркін такси жүргізіп жүрген
Қазір Астанада «Мигрант» жедел алдын алу шарасы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара басталғаннан бері полиция қызметкерлері шетел азаматтарының ел аумағында болу ережелерін бұзудың 184 дерегін анықтаған. Оның ішінде мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту дерегі бойынша 3 қылмыстық іс қозғалып отыр.
Сондай-ақ елден 20 шетелдік азамат шығарылып, Қазақстан Республикасында жергілікті уәкілетті органдардың рұқсатынсыз еңбек қызметін жүзеге асырған, жолаушыларды жеке тасымалдаумен айналысатын 8 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция қызметкерлері жолаушыларды жеке тасымалдаған Тәжікстан Республикасының 26 жастағы азаматын мобильді қосымша арқылы ұстады. Оған қатысты еңбек қызметін рұқсат алмай жүзеге асыру және ҚР аумағында заңсыз болу дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды, - делінген хабарламада.