×

«Қант қаншалықты тәтті болса, бейнеті соншалықты қиын». Жетісулық шаруалар министрді сұрақтың астына алды

Алматы облысының шаруалары қант қызылшасын өсіру қып-қызыл шығын екенін айтты

 Думан Қырықбаев 30.03.2022 | 10:29
фото: Halyq Uni

Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің алдында жетісулық шаруалар қант мәселесін көтерді. Өйткені, суармалы жері бола тұра өңірде тәтті түбір өсірумен айналысатындар қатары сиреген. Олар тек әкімдіктің тапсырмасымен амалсыз тұқым себуге мәжбүр екенін айтады.

«Нұртөре» шаруа қожалығының төрағасы Абай Төлебаев шаруаларды ынталандыратын субсидия көлемі де, зауыттың төлейтін ақысы да алажаздай төккен маңдай терін ақтамайтынын айтады.

«Қазір қызылша бағасын тоннасына шаққанда 27 мың теңгеге көтерді. 27 мың деген не ол?! Бұл еш пайда бермейді. 30 мың теңгеден артық болмаса, ешкім еккісі келмейді. Оның машақаты да көп. Үш рет шөптейсің. Гербицид шашасың. Тыңайтқыштар бересің. Оның бәрі екі-үш есе қымбаттап кетті. Жанар-жағармай мен техникалардың қосалқы бөлшектерінің құны да арзан емес. Осылайша, шаруалар қып қызыл шығынға батуда», - дейді шаруа.

Абай Төлебаевтың бұл сөзін қызылша өсірумен айналысатын Александр Квитко да қуаттады. Ол мемлекет беретін 14 мың теңге субсидияға қоса, зауыт та сатып алу бағасын 13 мың теңгеден өсіру керек екенін алға тартты. Егер бұл айтқандары орындалмаса, күзде айтарлықтай нәтиже болмайды екен.

«Мен бірден айтайын, тоннасы 27 мың теңге болса тұқым себуін себеді, бірақ күтіп-баптау былай тұрсын, оны ешкім өсірмейді. Статистикаға енгенімен, орнына басқа дақыл егеді. Мен өзім 2000 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатырмын. Бастапқыда 100-110 гектарға дейін қызылша сепкенмін. Пайдасын көрдім. Техника сатып алдым. Ал, кейінгі жылдары керісінше шығынға бата бастадық. Алқаптың көлемін 25 гектарға дейін азайттым. Соның өзіне өкіндім. Зауыт бұрын ақшалай, болмаса қанттай есептесіп, еңбегіміздің өтемін беретін. Өңделген өнімнің басым бөлігін біз алсақ, қалғаны кәсіпорынға қалатын. Қазір керісінше. Сол себепті, сатып алу бағасын көтермей, еш нәтиже болмайды», - дейді Александр Квитко.

Қызылша өсірушілер ауыспалы егістік үшін жер көлемі жетіспейтінін, суару мәселесінде біраз қиындықтар туындап отырғанын да сөз етті.

«Бізде мыңдаған гектар жер жоқ. Бірімізде 5, ал, тағы бірімізде 10 гектардан ғана жер бар. Ауыспалы егіс жүйесін қолдануға мүмкіндік болмағандықтан, бір алқапқа жиырма жылдап қант қызылшасын себуге мәжбүрміз. Одан өнім азаймаса, көбеймейді. Ал топырақтың құнарын сақтайтын тыңайтқыштар қымбат. Сондықтан, баға мәселесіне және ауыспалы егіс жүйесіне назар аудару керек. Оған қоса, суаратын каналдарға да механикалық тазалау жүргізу қажет. Көбісін қамыс басып кеткен», - дейді, Қаратал ауданынан келген шаруа Жұмаш Тезекбаев.

Шаруалардың мәселесін тыңдап, сауалына жауап берген министр Ербол Қарашөкеев бәрі негізге алынатынын жеткізді. Сәуір айында Алматы облысы әкімдігі Көксу және Ақсу қант зауыттарының басшылармен кездесу өткізетінін алға тартып, сол жиында қызылша өсірушілермен мәселені жан-жақты талқылайтынына сендірді. Себебі, стратегиялық өнімнің экономикалық тиімділігін арттыру өте маңызды. Оның үстіне қазір елімізде құмшекерді импорттау көлемі азайған. Сондықтан, экспортқа да уақытша шектеу қойылып отыр.

«Шаруалардың уәжі орынды. Әр мәселені жан-жақты талқылаймыз. Жалпы, біздің алға қойған жоспарларымыз бен міндеттеріміз анық. Сол себепті, 2025-жылдың аяғына дейін қант қызылшасы алқаптарының көлемін мүмкіндігінше арттыруға, өнімділікті ұлғайтуға бар әрекет жасаймыз. Қамыс қантының шикізататын әкеліп өңдеуді қолға алып жатырмыз. Яғни, зауыттардың жартысы қызылшаны өңдесе, жартысы сол қамыс қантын өндіреді. Осылайша, ішкі нарығымызды отандық өніммен қамту жоспарымызда бар», - деді министр.

Министрдің айтуынша, елімізде қант өндірісіне қатысты арнайы бағдарлама жасалады. Соның арқасында 2025-ші жылға дейін ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету көрсеткіші екі есе артпақ. Яғни, 42-ден 80 процентке дейін жеткізу көзделген. Мұнымен қоса, кездесуде министр қант қорының көлемі мен баға тұрақтылығына да тоқталып өтті.

«Бізде қанттың 3 айлық қоры бар. Сондықтан, 800-900 теңгеден қымбат бағаға сатып алудың қажеттілігі жоқ. Әрине, өсу бар. Бұрынғыдай 300 теңге болмаса да, 500-600 теңгеге таяп қалуы мүмкін. Бірақ, осыған дейінгідей күрт өседі деген болжам жоқ», - деп қосты Қарашөкеев.

Айта кетейік, биыл Алматы облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты, қант қызылшасының егіс алқабы 9 мың гектардан 6 200 гектарға азаймақ. Десе де, одан 220 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Оған қоса, өңірдегі қос кәсіпорын қазір қамыс қантын шығаруға дайындалып жатыр. Күзге дейін сырттан келетін 80 тоннадай шикізатты өңдемек. Ал, күзде тәтті түбір қабылдауды жалғастырады.

«Көксу және Ақсу зауыттары биыл 100 мың тоннадай құмшекер өндіргелі отыр. Осы ретте, елдегі қантқа сұраныстың жылдық көлемі 500 мың тоннадан асатынын ескерсек, тағы бір зауыт салу қажеттігі туындап отыр», - деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама