×

Ақтөбе облысында жолда қалып қойған 100-ге жуық адам құтқарылды

Авариялық-құтқару жұмыстарына 52 құтқарушы мен 14 техника жұмылдырылды

 Динара Амантай 25.02.2023 | 13:13
Фото: Ақтөбе ТЖД-ның баспасөз қызметі

Өткен тәулікте жүк және жолаушылар көлігі үшін жол қозғалысының шектелуіне байланысты Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары 93 адамды эвакуациялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, кеше сағат 22.50-де Әйтеке би ауданының «Самара-Шымкент» автожолының 964 км-де ТЖД күштері «Yutong» маркалы жолаушылар автобусына (Бішкек – Мәскеу) жол көрсетіп Қарабұтақ кентіне бірге барды. Жылыту пунктіне (орталық мешіт) Өзбекстан мен Тәжікстан Республикасының 41 азаматы эвакуацияланды.

25 ақпанда сағат 04:05-те Ақтөбе қаласының Едіге батыр даңғылында ТЖД күштері техникалық ақауы бар «Setra» (Шымкент – Мәскеу) маркалы жолаушылар автобусынан Жаңақоныс кентінің жылыту пунктіне (мешіт) 54 адамды эвакуациялады. Оның 52-сі Өзбекстан Республикасының азаматтары.

Авариялық-құтқару жұмыстарына 52 құтқарушы мен 14 техника жұмылдырылды.

Ақтөбе облысының ТЖД азаматтарды алыс жолға шыққан кезде дауылды ескертулермен танысуға және қысқы кезеңдегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама