Облыс әкімі қала тұрғындарымен кездесті
Жаңаөзенде жаңадан салынып жатқан медициналық нысандарға қарамастан, дәрігер тапшы. Қазір Жаңаөзенге жоғары білікті 24 маман жетіспейді. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың қала халқымен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Кездесуде жаңаөзендіктер медицина саласынан бөлек, жазда қалаға берілетін орта есеппен тәулігіне 42 мың текше метр, қыста 30 мың текше метр судың тоқтап қалатынын айтты. Бұл мәселені шешу үшін 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспары аясында қуаты тәулігіне 50 мың текше метр теңіз суын тұщыту қондырғысын іске қосу жоспарланып отыр.
Облысы әкімінің айтуынша, Жаңаөзен мен Ақтауда тұрғын үйлер бақылаусыз салынып жатыр. Соның салдарынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында мәселелер туындап отыр. Оның сөзінше, тозығы жеткен желілер мәселесіне жаңаөзендіктер ғана емес, облыс орталығы да тап болып отыр. Мұның себебі - құрылыс салушылардың салғырттығы. Мысалы, заңсыз салынған 24 нысан анықталған, рұқсат құжаттары жоқ болса да тұрғындарға берілген. Соның салдарынан халық газсыз, жылусыз, сусыз өмір сүруде. Бұған кінәлі тұлғалардың барлығын жауапкершілікке тарту көзделіп отыр.