Halyq Uni логотип
×

Қазақстандықтардың 77,4%-ы киберқауіпсіздік жайлы біледі

Ал әлемдік киберқауіпсіздік рейтингінде 31-орындамыз

 Ербол Тұрымбет 24.02.2023 | 16:55
Қазақстандықтардың 77,4%-ы киберқауіпсіздік жайлы біледі
Сурет: innovaciondigital360.com

Ақпараттық қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттыру мақсатында жыл сайын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі комитеті әлеуметтік зерттеу жүргізіп отырады. Ол мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздік қатерлері және адами капиталды дамыту туралы хабардарлықты арттыру бойынша атқаратын шараларының тиімділігін бағалауға қажет, деп хабарлайды Halyq Uni.

Министрліктің хабарлауынша, 2022 жылы халықтың киберқауіпсіздік туралы қаншалықты білетініне қатысты әлеумет арасында сауалнама жүргізілген. Оның нәтижесі бойынша халықтың 77,4%-ы киберқауіпсіздік мәселелерінен хабардар болып шықты. Сол қорытындының негізінде киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстар әзірленген. Одан бөлек, Комитет Қазақстандық ақпараттық қауіпсіздік қауымдастығымен бірлесіп ақпараттық қауіпсіздік бойынша бірқатар бейнебаян дайындаған. Ол ұсыныстар мен бейнебаяндар кейін жұмыста пайдалану үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жіберілмек. 

Айта кетерлігі, БҰҰ-ның Халықаралық электр байланысы одағы жыл сайын 195 елдің құқықтық, техникалық, ұйымдастырушылық дайындығы мен әлеуетін бағалайтын «Жаһандық киберқауіпсіздік индексі» зерттеуін жүргізіп отырады. Мемлекет тарапынан атқарылған шаралар БҰҰ-ның Жаһандық киберқауіпсіздік рейтингінде оң көрініс тапқан болып шықты.

Мәселен, 2021 жылғы 29 маусымда БҰҰ ХЭО ұйымдастырған ресми конференцияда «Жаһандық киберқауіпсіздік индексі» зерттеу есебінің 4-ші басылымы жарияланды. Сонда жалпы әлемдік рейтингте Қазақстан 31-орынға ие болғаны айтылады. Айта кетерлігі, бұл көрсеткіш Үкіметтің 2017 жылғы 30 маусымда бекіткен «Қазақстан киберқалқаны» тұжырымдамасында белгіленген межеден едәуір асып түсіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама