Қатты қону, әлде апат? Авиация сарапшылары БҚО-дағы тікұшақ апатына қатысты пікір білдірді
Сарапшылар тексерістің әлсіз екенін айтады
БҚО-да болған тікұшақ апатының себебі мұқият тексерілуі керек. Қазақстандағы белгілі авиация сарапшылары төрт адамның қазасына әкелген жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еске сала кетейік, 23 ақпанда БҚО-да 23 ақпанда Батыс Қазақстан облысында апатты жағдайда қонған тікұшақта болған 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шеккен болатын.
«ҮШ ЖЫЛ БҰРЫН МИ-8 ТІКҰШАҚТАРЫН ШЕТЕУДІ ҰСЫНДЫМ»
«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның авиациялық инспекторы Тимур Қарамурзиев оқиғаға өзінің тәуелсіз көзқарасын білдірді.
«Ең алдымен, ұшақ апатын мұқият тексеру керек. Ашық әрі қысым жасалмай, шенеуніктерге жалтақтамай жасалуға тиіс. Билік бұл оқиғаны «қатты соғылып қону» деп халықты алмамай, апат деп ашығын айтуы керек. Авиациялық оқиғаларды тексеру тәртібіне сәйкес, оның мақсаты – апаттың себебін анықтап, қайталанбауы үшін алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондықтан, комиссия анықтаған себептер жоғарыдан айтылған емес, шынайы болуы керек. Әйтпесе қайғылы оқиғалар қайталануы мүмкін», – деп жазды ол.
Сондай-ақ инспектордың айтуынша, аталған ережелерге сәйкес авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия жүргізіліп жатқан тергеу кезінде объективтілік пен бейтараптық қағидаттарын басшылыққа алуға тиіс. Тергеудің тәуелсіздігі мақсатында авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тергеу жөніндегі комиссия мүдделер қақтығысын болдырмауды ескере отырып қалыптастырылады.
«Бұл қиынырақ. Осы тікұшақта кем дегенде бірдеңе жасаған (құрастырған, жөндеген, ұшуға жіберген) әрбір техникалық қызмет маманы (және оның бастығы да) шындықты кез келген жолмен білгісі келеді. Кенеттен ұшар алдында елеулі нәрсені жіберіп алғаны анықталды ма? Содан кейін осы маманның ар-ұжданына байланысты әр түрлі әрекет болуы мүмкін. Өз кінәсін жасырады немесе мойындайды. Күрделі таңдау. Сондықтан мүдделер қақтығысын болдырмау қиын. Дәл осындай жағдай ұшуды пайдалану саласында да болуы мүмкін. Мүмкін, ұқсас нәрсе басқа тікұшақтарда болған шығар. Мысалы, кенеттен апаттың негізгі себебі күрделі метеорологиялық жағдайларға түсу екені белгілі болды және экипаждың мүмкіндігі болмаған шығар. Өйткені, бұған дейін мемлекеттік (әскери) авиация әуе кемесінің командирі күрделі метеожағдайларға төтеп бере алмай, тікұшақ Қызылордаға жетпей құлаған болатын. Бұл ретте, осы бағыт бойынша ұшқан қалған үш тікұшақ зардап шеккен жоқ», – деп қосты ол.
Сонымен қатар ол тергеу жүргізетін комиссиялардың тәуелсіздігіне күмәнмен қарайтынын жасырмады.
«Мысалы, үш жыл бұрын Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің авиациялық инспекторы ретінде «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Атыраудағы базасын тексерсдім. Авиациялық әкімшілікке Ми-8 тектес тікұшақтарды пайдалану құқығына қатысты көптеген ұсыныстар, соның ішінде осы компания үшін шектеулер жазылды. Себебі, «Қазавиақұтқару» АҚ материалдық базасы сол сәтте тікұшақтарда барлық жұмыстарды толық көлемде орындауға мүмкіндік бермеді. Бұл дегеніміз – бұл авиакомпанияға Ми-8 сияқты тікұшақтарымен ұшуға болмайды. Алайда менің ұсыныстарым еленбеді», – деп толықтырды авиациялық инспектор Тимур Қарамурзиев.
«ҚАЗАҚСТАНДА АВИАЦИЯЛЫҚ ОҚИҒАЛАРДЫ ТЕКСЕРУ ТӨМЕН ДЕҢГЕЙДЕ»
Авиация сарапшысы Абыл Кекілбаевтың пікірінше, елімізде тікұшақтардың экплуатация өте қымбат. Сондықтан олар түрлі компанияларға қызмет көрсетіп, ақша тауып отыр.
«Компания іздеу-құтқару кезекшілігіне жыл сайын тендер өткізіп, тікұшақтарды кезекшілікке қояды. Оған да ақша төлейді. Авиакомпанияның тікұшақтары нарықта қызмет көрсетіп, ақша табатыны түсінікті. Оның тұрақты бағасы белгіленген. Бұл көпшлікке түсініксіздеу болуы мүмкін, бірақ ол да авиакомпания, тех шаруашылық есепте болмай ақша тауып, өзін-өзі қамтамасыз етуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда күнкөріс». – деді ол.
Бұған қоса, ол мекеменің техникалық паркіне қатысты пікір білдірді.
«Қазавиақұтқаруда жүк тасымалдайтын алып ұшақ жоқ. Өткенде Түркияға гуманитарлық көмек жеткізуге әскери ұшақтарды пайдаланды. Оның алдында Төтенше жағдай министрлігінің мамандарын президенттің «Бүркіт» авиакомпаниясының жалғыз ИЛ-76 алып ұшағымен жеткізді. Осы жерде көп сұрақ туындайды. Ал тікұшақты айтатын болсақ, оларда екі түрлі тікұшақтар: еврокоптерлер мен Ми-8 бар. Еврокоптерлер көбіне санитарлық жағдайда пайдаланылады, ал Ми-8 өрт, су тасқыны сияқты жағдайларда қолданылады. Олардың саны ресми дерекке сенсек 30-дың үстінде болу керек», – деп қосты Кекілбаев.
«Жесткая посадка деген құрызлы органдардың бір нұсқасы. Осы версия бойынша жан-жақты тексеру өткізуі керек. Кешеден бері БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде тарап жатқан суреттерді көріп отырмыз. Анадай құлаған тікұшақты қатты соғылып қону деп атамайды. Оны апат деп айтады, себебі тікұшақ жерге тұмсұғымен қадалған. Тағы айта кетейін, біз оқиға орнынан түсірілген барлық картинаны көрген жоқпыз. Сондықтан бір қарағанда қатты соғылып қонуға ұқсамайтын секілді. Жүргізілген тексеру кезінде табылған дәлелдер мен айқақтар оның апат немесе қатты соғылып қону болғанын анықтап беруі керек», - дейді сарапшы.
Сарапшы қатты соғылып қону мен апаттың екі бөлек ұғым әрі бөлек тексерілетінін атап өтті.
«Ресми органдар қатты соғылып қону мәлімдеді. Ал оның апатқа қарағанда тексерілуі сәл басқаша. Жанармайдың сапасы, техниканың жағдайы, пилоттардың даярлығы, ауа-райы себеп болуы мүмкін. Министрліктің тексеруі бөлек, құқық қорғау органдарының тергеуі бөлек. Мұны бір-бірімен шатастырмаған жөн. Апат кезінде борт механик Сиязбек Андосов ағамыз қаза тапты. Жақын араласпасам да, салада жүрген соң танитын едім. Енді зейнетке шығуы керек еді. Ол адам өз мамандығын жақсы білетін, кейде тікұшақты көтеруге рұқсат бермей қоятын мінезді адам еді. Экипаж құрамы білікті, дәрежелі мамандар. Сондықтан ол жерде бірдеңе болғаны белгілі», – деп жалғастырды сөзін Абыл Кекілбаев.
Сондай-ақ сарапшы елімізде авиациялық оқиғалардың тексеру деңгейі төмен деп есептейді.
«ИКАО-ның тексеруі кезінде Қазақстанда авиациялық оқиғаларды тексеру өте төмен деңгейде екенін көрсетті. Оған көп себеп бар: маман тапшылығы, жалақының төмендігі. Мықты мамандар барғысы келмейді. Менің апатқа ұшыраған тікұшақ кезекшілікте тұрған техника емес пе деген күдігім бар. Апаттық жағдай туралы мәлімет түскенде кезекшілікте тұрған тікұшақты көтеріп, оқиға орнына тез жету керек. Кешекшілікте тұрған тікұшақты басқа біреуге жалға берді ме немесе кезекшіліктегі тікұшақ құлады ма? Осы сұрақтың жауабы белгісіз. Кезекшіліктегі тікұшақтар апат болғанда дереу іздестіру жұмысын бастап, адамдарды құтқаруға тырысады. Мысалы, Балқашта ұшақ құлағанда ішіндегі екі пилотты құтқарып үлгерді. Каспийде ұшақ суға қонып, батып кетсе де, тікұшақпен жетіп ішіндегі адамдарды аман алып қалған жағдайлар болды», – деді Абыл Кекілбаев.