Қайғылы оқиғадан 4 адам көз жұмды
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов Батыс Қазақстан облысындағы Ми-8 тікұшағы апатынан қаза тапқандар туралы ақпараттың неге кеш берілгенін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Біріншіден, алдын ала ақпарат деген болады. Диспетчерлер біздің қызметкерге қоңырау шалды. Сол жерде байланыс өте нашар болды. Интернет мүлдем болмады. Тіпті, телефон байланысының өзі нашар болды. Дитпетчерлер біздің аман қалған қызметкерімізге қоңырау шалғанда ол не бір адам, не бірнеше адам тірі қалды деп айтып үлгерді. Осы сәтте телефон байланысы үзілді», - деді ресми өкіл Астанада өткен брифингте.
Руслан Иманқұлов көз жұмған ТЖМ қызметкерлерінің өлімін ауыр қабылдағанын атап өтті.
Екіншіден, психологиялық тұрғыда біз қызметкерлердің өліміне дайын болмадық. Барлық ақпаратты нақтылап, сіздерге тиісті ақпаратты бердік, - деді ол.
Сондай-ақ ТЖМ ресми өкілі Ми-8 тікұшағы апатты жағдайда қонуына байланысты түсінік берді.
«Алдын ала ақпарат бойынша, тікұшақ апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған. Бұл жоспардан тыс шұғыл түрде жерге қонуы еді. Бұл жағдайда бортты (тікұшақты – авт.) басқару мүмкін болмаған», - деп түйіндеді сөзін Руслан Иманқұлов.