×

Ауыл әкімі далаға түнеп жүріп, қар құрсауынан 70-ке жуық адамды құтқарып қалған

Оның қызметтік көлігі қарлы боранда қалып қойып, тұрғындарды жаяу іздеді

 Еркеғали Болатұлы 24.02.2023 | 10:26
фото: sputnik.kz

Жамбыл облысы Берікқара ауылдық округінің әкімі Ербол Смайылов құтқарушылардың көмегін күтпей, қар құрсауында қалған 70-ке жуық адамды аман-есен құтқарып қалған. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері агенттігінде айтылды.

10 ақпанда Жамбыл облысындағы Майтөбе ауылының маңында орналасқан Тараз – Қаратау тасжолында 35-ке жуық автокөлік пен 70-ке жуық тұрғын омбы қарда қалып қойған.

Ауыл әкімі ТЖ бөлімін хабардар етіп, нақты координаттардың жоқтығына қарамастан адамдарды өз бетінше іздеуге кіріскен.

Іздеу жұмыстары барысында әкімнің қызметтік көлігі қарлы боранда қалып қояды. Ал әкім тұрғындарды жаяу іздеген. Межелі жерге жеткен ауыл әкімі ұялы байланыс арқылы ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлеріне тұрғынның және оның немерелерінің орналасқан жерін хабарлайды. Әкімдік қызметкерлері арнайы техниканы тез ұйымдастырып, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарған, - деп хабарлады агенттік.

ТЖ бөлімінің қызметкерлері келгенге дейін ауыл әкімі басқа азаматтарды іздеуді жалғастырып, жолда түнеген.

Таңертең ауыл әкімі ауылға арнайы ТЖ автокөлігімен келіп, бірінші кезекте құтқарылған тұрғындармен кездесіп, ауыл тұрғындарының үйлеріне ыстық тамақ беруді ұйымдастырды, - деп хабарлады ведомство.

Округ әкімдігінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындары құтқарушылармен бірге арнайы техниканың көмегімен қар құрсауында қалған 35-ке жуық автокөлікті қардан шығарып, иелеріне тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама