Бурабай аудандық сотының шешімімен 54 жастағы азамат кінәлі деп танылды
Сауда үйінде діни кітаптарды рұқсатсыз сатқан ақмолалыққа 120 750 теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Щучье қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті сауда үйлерінің біріндегі дүңгіршекте Құран кітабын рұқсатсыз сату дерегін анықтады. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша материал жиналып, сотқа жолданды. Бурабай аудандық сотының шешімімен 54 жастағы ақмолалық әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 120 750 теңге айыппұл салынды, - делінген хабарламада.
Ведомстводан атап өткендей, қолданыстағы заңнамаға сәйкес діни әдебиеттерді, діни мазмұндағы материалдар мен діни мақсаттағы заттарды тек белгіленген орындарда ғана таратуға жол беріледі. Бұл – діни ғимарат аумақтары, діни-рухани оқу орындары (медреселер, семинарлар және басқалары), сондай-ақ әкімдік бекіткен арнайы стационарлық үй-жайлар.
Щучинск қаласының аумағында осындай 2 үй-жай бар. Өзге орындарда діни әдебиеттерді жергілікті атқарушы орғандардың рұқсатынсыз сатуға болмайды.