БҚО-дағы апат: тікұшақтың техникалық жағдайы соңғы рет қашан тексерілгені айтылды

Дәурен Ерболат

Екі ведомство оқиғаның мән-жайын тексереді

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Батыс Қазақстан облысында апатқа ұшыраған тікұшақта техникалық апат болмаған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алдымен ол қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Оның айутынша, 23 ақпанда Астана уақытымен сағат 15:48-де дағдарыс жағдайын басқару орталығына Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Чапурино кентінде (Орал қаласынан 54 шақырым) Ми-8 ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы апатты жағдайда қонғаны туралы түскен.

«Тікұшақ «Атырау-Орал-Атырау» бағыты бойынша ұшқан. Сағат 10:40-та «ҚазТрансОйл» АҚ өтінімі бойынша Атыраудан ұшып шықты, бортта 6 адам – 5 экипаж мүшесі және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 1 өкілі болды.

«ҚазТрансОйл» АҚ-ның өтінімі бойынша тікұшақ «Өзен-Атырау-Самара» магистральдық мұнай құбырын бойлай ұшты.

2021 жылы шығарылған Ми-8 тікұшағының әуеде ұшуы – 250 сағат. 2023 жылғы 17 қаңтарда Атырау қаласында мерзімді техникалық қызмет көрсетуден өткен. 2030 жылы әуе кемесі алғашқы күрделі жөндеуден өтуі тиіс болатын. Тікұшақ пайдаланылған сәттен бастап ұшуға жарамдылығына әсер ететін ақаулар мен ескертулер болмаған, - деді Руслан Иманқұлов.

Кешкі сағат 19:07-де оқиға орнында ТЖД қызметкерлері тікұшақ апатынан мерт болған 4 адамды тапқан.

Олар әуе кемесінің командирі Довлетбай Қанатов, екінші ұшқыш Владимир Афанасьев, борт механигі Сиязбек Андосов және инженер Жәрдем Досқалиев. Қазавиақұтқару инженері Сергей Щеглов пен «ҚазТрансОйл» АҚ желілік құбыржолшысы С. Ерғалиев түрлі жарақатпен жедел медициналық жәрдем вагонымен Орал қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізілді, - деді ресми өкіл.

Оқиғаның мән-жайын ІІМ Көліктегі полиция департаменті мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің қызметкерлері анықтайды.

Бүгін тікұшақты әзірлеген зауыт өкілдері оқиға орнына барады. Экипажда білікті, жоғары тәжірибелі мамандар болған. Олардың әуеде ұшу сағаттары да аз емес. Әрқайсысының авиақұтқару саласындағы еңбек өтілі 10 жылдан кем емес, ал жалпы еңбек өтілі 30 жылдан асады, – деді ол.

Айта кетейік, кеше БҚО-да тікұшақ апатты жағдайды қонып, 4 адамның қаза тапты.

Содан кейін апаттан көз жұмған адамдардың кімдер екені хабарланды.