×

Сенат әскери полиция органдары туралы заңды мақұлдады

Құжат құзырлы мекеменің қызметін жетілдіру мақсатында әзірленген

 Дастан Жұмабекұлы 23.02.2023 | 15:40
фото: ашық дереккөз

Бүгін Парламент Сенаты «Әскери полиция органдары туралы» заңды мақұлдады. Бұл туралы Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті хабарлады.

Комитеттің хабарлауынша, заң әскери полиция органдарының қызметін жетілдіру мақсатында әзірленген. 

Әскери полиция органдарының міндеттерін, құзыретін, құрылымын, өкілеттіктерін айқындау, сондай-ақ іске асырылып жатқан функцияларын заңнамалық тұрғыдан бекіту бөлігінде өзгерістер көзделген. Әскери полиция органдарының күштік ведомстволарға бағыну тәртібі, сондай-ақ олардың өзара және басқа да мемлекеттік органдармен іс-қимыл жасау тәртібі реттелген.

Әскери полиция органдарына Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, әскери қызметшілерді қамаққа алу, әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаны, сондай-ақ қоғамнан уақытша оқшаулаудың өзге де шараларын орындау бойынша міндеттер жүктеледі. Заңда әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің күшін, арнаулы құралдарды, қаруды қолдану мәселелері, сондай-ақ олардың кадрлық құрамы және әлеуметтік қамсыздандырылу мәселелері реттеледі, – делінген Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хабарламасында.

Бұл құжатты талқылау барысында Мәжіліс қабылдаған заңға мынадай негізгі бағыттар бойынша өзгерістер енгізілген:

- Заңның 1-бабы тақырыбының атауы аталған баптың мазмұнына сәйкес келтіріледі;

- әскери полиция органдарының міндеттері, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полиция органдарының міндеттері нақтыланады;

- әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің қару қолдануы жөніндегі норманың редакциясы нақтыланады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама