Halyq Uni логотип
×

Түркиядағы жер сілкінісі: жетім қалған балалар асырап алуға берілмейді

213 баланың жеке деректері анықталып жатыр 

 Айгерім Таубай 23.02.2023 | 15:23
Түркиядағы жер сілкінісі: жетім қалған балалар асырап алуға берілмейді
фото: ашық дереккөз

Түркиядағы жер сілкінісінен аман қалған балалар мемлекеттің бақылауында болады. Бұл туралы Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екиджи мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ресми ақпарат бойынша, тіркелген 1 858 баланың 1 645-інің куәлігі анықталды. 1 314-і өз отбасына табысталды. 213 бала бойынша әлі де мәліметтерді анықтау жұмыстары жалғасып жатыр, – деді Уфук Екиджи.

Елшінің айтуынша, жер сілкінісі кезінде ата-анасынан айырылған балалар басқа елдің азаматтарына және ел ішіндегі отбасыларға асырап алуға берілмейді.

Балалар отбасы істері және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету министрлігінің қамқорлығында болады. Ол балалардың туыстары анықталса, жақындарына беріледі. Алайда олар үнемі министрліктің бақылауында болады. 

Кейінгі ақпаратқа сәйкес, Түркияда жер сілкінісі салдарынан қайтыс болғандар саны 43 556 адамға жетті.

Зілзала аумағынан 448 018 адам эвакуацияланды.

Түркияның Қазақстандағы елшісінің айтуынша, жер сілкінісінің салдарын жоюға 90-нан аса ел іздестіру-құтқару жұмыстарына құтқарушылар жіберді.

Жалпы оқиға орнында жергілікті және халықаралық іздестіру-құтқару қызметінің 14 700 құтқарушысы жұмыс істеп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама