Олар туралы деректер ақпараттық базада жоқ
Байқоңырда 4 мың тұрғын тегін медициналық қызмет ала алмай жүр. Бұл туралы Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ақмарал Әлназарова депутаттық сауалын премьер-пинистр Әлихан Смайыловқа жолдады.
«Байқоңырда 4 мыңға жуық Қазақстан азаматы Ресей заңнамасының ережелері бойынша, оның ішінде 1996 жылғы үкіметаралық келісімге сәйкес зейнетақы алады. Қазір бұл адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін медициналық көмек ала алмай жүр. Себебі, олар туралы деректер еліміздің Еңбек министрлігінің ақпараттық базасында жоқ», - деді Ақмарал Әлназарова Сенаттың жалпы отырысында.
Сенатордың айутынша, былтыр 2 мыңнан астам науқас қажетті көмек ала алмаған.
2022 жылы 2 мыңнан аса науқас консультациялық-диагностикалық көмек, 600-ге жуық науқас жоспарлы стационарлық көмек, оның ішінде коронарографиялық және офтальмохирургия көмегіне қол жеткізе алмады, - деді сенатор.
2016 жылдан бастап Байқоңырда қазақстандық аурухана жұмыс істей бастаған. Алайда бұл аурухана тегін медициналық қызметтерді Қазақстанның сақтандырылған азаматтарына ғана көрсетеді.
«Осылайша, зейнеткерлер тегін медициналық көмек алу құқығынан айырылып отыр. Қарт адамдарға қатысты мемлекеттік саясаттың негізгі ережелерін және аталған проблеманың ерекше әлеуметтік маңыздылығын ескеріп, осы азаматтарды еліміздің ақпарат жүйесіне енгізу, тиісті қаржыландыру мәселесін шешуді және мемлекеттік жарна төлейтін адамдардың жеңілдетілген санатында болуын қамтамасыз етуін қарастыруды сұраймыз», - деді депутат.