×

Неше қылмыскер өз елдеріне қайтарылды – Бас прокуратура жауабы

Ведомство жұмысының басым бөлігі шетелдіктерді экстрадициялау бойынша істеліп жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 23.02.2023 | 11:58
фото: ашық дереккөз

Бас прокуратура елімізден неше шетелдік қылмыскердің шығарылғанын хабарлады. Бүгінде Бас прокуратура қылмысқа қарсы іс-қимыл және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету саласында шет мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып жатыр.

Ведомствоның хабарлауынша, жұмыстың басым бөлігі экстрадиция сияқты маңызды бағытта жүргізіліп келеді.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, елімізден экстрадицияланатын шетелдік қылмыскер ұсталған соң, соттың санкциясымен 40 тәулікке уақытша күзетпен қамалады. Ол бір жылға экстрадициялық қамаққа алынады. Осы уақыт ішінде қылмыскерге қатысты экстрадициялық тексеріс жүргізіледі. Содан кейін оны шет мемлекетке тапсыру мүмкіндігі туралы шешім қабылданады.

Бас прокуратура қылмыскер қамауға алынған кезде іздеудегі адамдарды экстрадициялау туралы шешімдер қабылдай алады.

Атап айтқанда, былтыр Бас прокуратура шет мемлекеттердің қылмыскерді ұстап беру туралы 90-нан аса сұрау салуын қарады. 80 сұрау қанағаттандырылды, – делінген хабарламада.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Қазақстанның негізгі әріптестері – Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан. Осы және басқа да шет елдермен негізінен алаяқтық, ұрлық, адам өлтіру, есірткінің заңсыз айналымы бойынша экстрадициялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, былтыр Ресей Бас прокуратурасының сұрау салуы осы елдің азаматы А.Ж. Урзагулов мемлекетаралық іздеуде болып, ол Ақтөбе облысында ұсталды. Ресейдің құқық қорғау органдары оны Н.М. Жумагазиевті атыс қаруымен өлтірді деп айыптады. Орынбор облыстық сотының үкімімен А. Ж. Урзагулов қылмысы үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сол сияқты Өзбекстанның азаматы Г.Т. Нәбиев өз еліне қайтарылып, Самарқанд қалалық қылмыстық сотының үкімімен алаяқтық жасағаны үшін 9 жылға сотталды. Ол Өзбекстанда адамдарды 75 мың долларға алдаған.

Сондай-ақ өткен жылы ресейлік құқық қорғау органдарына С.Т. Давлатов, С. В. Авдеев, Р. Х. Алиев пен Е. В. Транда адам өлтіргені үшін; Р. С. Хатов, А.А. Соколов, Х.М. Гадамаури есірткі сатқаны үшін тапсырылды. Грузия азаматы Р.М. Чхиквадзе денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін өз еліне қайтарылды. Ал Қырғызстанның Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша қарақшылық жасағаны үшін Н. К. Құрманбеков те өз еліне қайтты.

Сонымен қатар, еліміздің әлемдік қоғамдастықпен тығыз қарым-қатынасы алыс шет елдерден келген әріптестермен тиімді өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беріп жатыр. Шет елдермен ынтымақтастық екіжақты және көпжақты шарттар бойынша іске асуда, – делінген хабарламада.

Бас прокуратураның хабарлауынша, экстрадициялау туралы шарттары жоқ елдермен адамдарды ұстап беру туралы мәселелер халықаралық құқықта қолданылатын өзара іс-қимыл қағидаты негізінде қаралады. Атап айтқанда, соңғы жылдары Бас прокуратура АҚШ, Түркия мен Литваның құзыретті органдарының сұранысы бойынша іздеуде жүрген адамдарды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама