Пандемияға үш жыл: Қазақстанда жағдай тұрақталды, әлемде 7 миллионға жуық адам қайтыс болды

Халық үні

Пандемия басталалы әлемде 757 млн адам коронавирус инфекциясын жұқтырды

Фото: www.un.org

Әлемде коронавирус тарағаннан бастап 757 млн адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Оның ішінде 6,8 миллион адам қайтыс болды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хабарлады. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда 2020 жылдың наурызынан бері 1,4 млн адам инфекция жұқтырды. Кейінгі бірнеше тәулікте елімізде инфекция салдарынан қайтыс болғандар тіркелмеді. Алайда басқа елдерде коронавирус әлі де өршіп тұр.

КОРОНАВИРУС ИНФЕКЦИЯСЫ ҚАЛАЙ ТАРАДЫ

Коронавирус инфекциясы ең алғаш Қытайдың Ухань қаласында тарады. Содан кейін инфекция әлемнің басқа елдеріне жылдам тарай бастады. 2020 жылдың 30 қаңтарында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 инфекциясын қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп атады.

2022 жылдың наурызында коронавирус инфекциясының таралуын пандемия деп атады.

ӘЛЕМДЕГІ СТАТИСТИКА ҚАНДАЙ?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, Америка елдерінде қазірге дейін 189 923 471 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде 2 926 937 адам қайтыс болған.

Солтүстік Америка елдерінде, оның ішінде Канадада 4,5 млн жағдай тіркелсе, 51 мыңнан аса адам инфекция салдарынан қайтыс болды.

Мексикада 7,4 млн адам инфекция жұқтырған. Оның ішінде 332 мың адамның қазасына инфекция себеп болғаны айтылды.

АҚШ-та 101 млн адамнан коронавирус анықталды, 1,1 млн адам қайтыс болды.

Африка елдерінде барлығы 8,9 млн адам коронавируспен ауырды. Ішінде 174 184 адам қайтыс болды.

Кейінгі дерекке сәйкес, Шығыс Жерорта теңізі мемлекеттерінде (22 ел) 764 млн адам сыртқаттанды, оның ішінде 6,8 млн инфекция салдарынан қайтыс болды.  Бұл аумақта Иран (7,5 млн), Ирак (2,4 млн), Иордания (1,7 млн) алғашқы үштікте тұр.

Сондай-ақ Иран инфекция салдарынан адам көп қайтыс болған елдер тізімінде тұр – мұнда 144 756 адам қайтыс болған. Бұл қатарда Пәкістан (30 640) және Тунис (29 312) те бар.

Еуропа елдерінде инфекция салдарынан екі миллионнан астам адам қайтыс болды. Бұл деректері ДДҰ келтірді.

Еуропа елдерінде 272,8 млн адамнан коронавирус анықталды, оның ішінде 2,1 млн адам қайтыс болды. Қазірге дейін 1,7 млрд адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды, - делінген ДДҰ ақпаратында.

ДДҰ-ның Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы COVID-19 жағдай төмендегідей:

  • Үндістанда 44,6 млн/530 мың;
  • Индонезияда 6,7 млн/160 мың;
  • Тайландта 4,7 млн/33, 9 мың;
  • Бангладеште 2,03 млн/29,4 мың;
  • Непалда 1 млн/12 мың;
  • Шри-Ланкада 672 мың/16 мың;
  • Бутан 62,6 мың/21;
  • Тимор-Лешти 23,4 мың/138.

Батыс Тынық мұхиты аумағында 37 елде 1,9 млрд адам тұрады. ДДҰ ұсынған статистика бойынша пандемия басталғалы 200 млн аса адам коронавирус жұқтырды, 404 149 адам инфекция салдарынан қайтыс болды.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АХУАЛ

Әлем бойынша 19-23 ақпан аралығында 5,3 млн адамнан коронавирус инфекциясы табылды, осы аралықта 48 мың адам инфекция салдарынан қайтыс болды. Оның ішінде Қазақстанда осы аралықта 356 адам коронавирус жұқтырған, қайтыс болғандар жоқ.

2023 жылдың 23 ақпанындағы ақпарат бойынша, ел бойынша 1 407 534 адам коронавирус жұқтырған. Бұл – кейінгі үш жылға жуық уақыттағы көрсеткіш. Сондай-ақ осы аралықта 90 841 адам коронавирус белгілері бар пневмонияға шалдықты.

Ал қайтыс болғандар туралы дерекке келсек, елімізде 2020 жылдың наурызынан бері коронавирустан 13 846 адам, коронавирус пневмониясына шалдыққан 5 410 адам қайтыс болды.

Қазақстанның барлық өңірі қазір «жасыл» аймақта тұр.

Ел дәрігерлерінің хабарлауынша, қазір коронавирустан 1 651 адам емделіп жатыр. Оның ішінде 96 пациент стационарда, 1 555 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатыр.

Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар арасында 2 адамның жағдайы ауыр, 4 пациенттің жағдайы өте ауыр жағдайда жатыр.

Мамандар ауыр жағдайда жатқан азаматтардың бірнеше ілеспе ауруы бар екенін айтады.