Игорь Дужнов кінәсін ішінара немесе толық мойындау туралы сұраққа әзір жауап бере алмайтынын жеткізді
Бүгін Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновтың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр.
2021 жылы 20 қыркүйекте Алматы қаласындағы «Ақбұлақ» шағынауданында қайғылы оқиға болды. 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушыларына, полиция қызметкерлеріне және үйдің жаңа иесі мен оның өкіліне аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Нәтижесінде екі полиция қызметкері, бір сот орындаушысы және екі бейбіт тұрғын, соның ішінде үйдің жаңа қожайыны қаза тапты.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Дужнов ісі бойынша 4 куәгерден жауап алынды.
Дужновтың туысы Алмас Абдулиннің айтуынша, ол 20 қыркүйекте сотталушының өтініші бойынша моральдық қолдау білдіруге келіп, оның отбасын үйден заңсыз шығарып жатқаны туралы білген. Абдулин соттағы сөзінде Дужновты жақсы жағынан сипаттап, мұның соңы осындай қайғылы жағдаймен аяқталатынын күтпегенін айтты.
Онымен қарым-қатынасым жақсы, ешқашан сөзге келген емеспіз. Игорьді тек жақсы жағынан білемін. Оның отбасын үйден шығаратын күні маған хабарласып, келуімді, қолдау көрсетуімді өтінді, - деді Абдулин.
Куәгердің айтуынша, Дужнов екі полиция қызметкерін, бір сот орындаушысын және екі бейбіт тұрғынды атқан кезде ол әйелі мен қызы және туыстарымен бірге үй ішінде болған. Оқ даусын естіген соң аулаға шығып, қайғылы жағдайдың болғанын сол кезде білген.
«Мен көлігіме қарай беттей бергенде сұлап жатқан бес адамды көрдім.... Сосын қақпаға қарай жақындағанда қолына қару ұстаған Игорьді көрдім. Оған жақындаған жоқпын, кері бұрылып әйелдер жаққа жүгірдім. Үйге кіріп, не болып жатқанын айтып бердім», - деді Абдулин.
Сот отырысында Игорь Дужновтың қалай ұсталғаны туралы Алатау аудандық полиция бөлімінің бастығы Құмарбек Кеншінбаев айтып берді. Оның айтуынша, оқиға орнына келгенде Дужнов әлі үйінде болған, оның тағы да оқ ататынын ешкім білмеген.
«Оқиға орнына келген соң үй маңында жүрген көптеген адамды көрдім, олардың арасында полиция қызметкерлері де бар. Олар қылмыс болған аумақты қоршауға алды. Сосын үйден оқ жаудырған адамның туысы шығып, одан Дужновтың қайда екенін сұрадым. Ол Дужновтың үйде және қаруы бар екенін айтып, қақпаға қарай жақындаудың қажеті жоғын ескертті», - дейді Құмарбек Кеншінбаев.
Осыдан кейін Кеншінбаев Дужновты келіссөздер жүргізуге көндіру үшін оның туысқанына жүгінген. Ол ішке кіріп, біраз уақыттан кейін Игорь Дужновтың сөйлесуге дайын екенін жеткізген.
«Мен үйдің ауласына кіріп, жерде жатқан адамдардың өлі денесін көрдім. Ары қарай үйге қарай беттегенде Дужновтың өзін кездестірдім. Ол сәтте қарусыз болды. Өзімді таныстырып, полиция көлігіне отыру керектігін айттым. Оны қызметкерлерге тапсырып, ары қарай аулада тергеу жұмыстары басталды», - дейді полиция өкілі.
Бейнебайланыс арқылы сот отырысына қатысқан Игорь Дужнов көп сөйлемеді. Ол кінәсін ішінара немесе толық мойындау туралы сұраққа әзірге жауап бере алмайтынын айтып, әлі нақты бір шешімге келмегенін жеткізді.