Күйеуі өртеп жіберген алматылық әйел әділдік іздейді

Халық үні

Бір-ақ күннің ішінде мүгедек болдым да қалдым, дейді әйел

фото: sputnik.kz

Алматыда бұрынғы күйеуі өртеп жіберген Индира Тергеубаева әділдік іздейді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары дер кезінде көмек көрсеткенде мұндай сұмдық болмас еді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Индира ұлты шешен экс-күйеуімен 2014 жылы техникалық қызмет көрсету станциясында (СТО) танысқан. Есімі – Әли. Отбасы барына қарамастан Әли Индирамен көңіл жарастырып, екеуі бірге тұра бастайды.

Ол бұрынғы отбасымен ажырасқаннан кейін қояр да қоймай менің пәтеріме көшіп келді. Бір жылдан кейін неке қидырдық. Отбасының ауыртпашылығын өзім көтеремін деп сендірді. Біз қосылғаннан кейін бизнес бастайық деп мені үгіттей бастады. Көліктің бөлшегін арзанға алып, қымбатқа сатамыз деп шештік. Маған 2 млн 550 мың теңге несие алдырды. Кредитті алды да бұл казино ойнай бастады. Несие төленбеді, өсе берді. 2019 жылы мені банк сотқа берді, сол кезден бастап Әли екеуміздің арамызда ұрыс-керіс басталды, - дейді Индира Тергеубаева.

Күйеуі Индирамен ұрсысса, бұрынғы әйеліне кетіп қала беретін болған. Соңғы рет қайтып оралғанында Индира оны қабылдамай, тіпті жолатпай қояды.

«Мені ұрған кезі болды, көлігімді тырнап тастады. Қолымды сындырды. 2020 жылы бір жыл бойы біз соттасумен болдық. Барлық сот менің пайдама шешілді. Әлеуметтік желіде, қызымның мектебінде, туыстарыма, бәріне маза бермеді. Қалалық прокурор Таймерденовке өтініш жаздым. «Мына адамнан мені қорғаңыздаршы, мынау маған маза бермейді» деп өтіндім. Таймерденов бір жыл дегенде менің өтінішімді көші-қон полициясына жіберген. Өйткені Әли – Ресей азаматы. Көші-қон полициясы оны сотқа берді. Бірінші сотта-ақ Әлиді депортациялау туралы шешім шығарды», - дейді жәбірленуші.

Әли жанталасып, жоғарғы сотқа депортация жасамау туралы шағым түсіреді. Бірақ Алматы сотының шешімі өзгеріссіз қалады. Алайда Алматы қалалық көші-қон полициясы Ресей азаматын сол күйі депортацияламаған.

Экс-күйеу 2020 жылы қаңтар айында Индираның үйіне баса-көктеп кіріп келіп, бетіне қару тақаған. Алайда шолақ мылтықтың шүріппесі басылмай қалып, Индира бір ажалдан аман қалады.

Қызының қамын ойлаған Индира Әлимен араздықты ұмытып, банктен 3 млн несие алып, дүкен ашады. Ғимаратты айына 130 мың теңгеге жалға алады. Былтыр 21 желтоқсанда сол дүкенге Әли жетіп келіп, Индираны дүкенмен қоса өртеп жібереді.

«Ол дүкенге кіріп келіп, сатып алушыларды итеріп шығарып жіберді. Бауыржан деген ауыл тұрғынының мойнына тапанша тақады да, шық деп бұйрық берді. Мен телефонды, сигнализацияның пультін алуға қорықтым. Сөйлесейікші деп жалына бастадым. Ол маған «сөйлесуге тым кеш, екеуміз бүгін бірге өлеміз» деді. Ол жанар май толы канистрды алды да, аузын ашып, жерге төкті. Бүкіл тоңазытқыштың астына жанармай төгіліп жатыр. Терезелер жабық. Темір канистрдағы жанармайды алып, маған шашты. Мен дүкеннің ішінде қашумен болдым, ол мені есіктен шығармай қойды. Сосын жанармайды өзінің үстіне құйды. Сөйтіп от қойып жіберді. Ары қарай не болғанын білмеймін, тек жанып жатқанымды ғана сездім», - дейді Индира Тергеубаева.

Жарылыстан дүкеннің терезелері мен темір тор көшенің келесі бетіне ұшып кетеді. Бағанадан жанжалды көріп, сырттан бақылап тұрған Бауыржан есімді тұрғын жарылысқа шыдамай ашылып кеткен есікке тұра жүгіреді. Қара түтіннен ішке ене алмай, Индираны іздейді. Индира еміс-еміс есін жиып, жанып жатқан еденді жалаңаш алақанымен еңбектеп өтеді. Бауыржан Индираны алып, қарсы тұрған ауруханаға қарай жүгіреді. Ал қаскүнем экс-жұбайы сол жарылған дүкеннің ішінде жан тапсырған.

Бір таңғаларлығы марқұм өле-өлгенше Индираның атын атамай, «тәттім» деп өткен екен. Тіпті сол дүкенді жаратын күні де «Тәттім, біз о дүниеге бірге кетеміз, бірге боламыз» депті.

Өрт болардан бір күн бұрын Индира Алатау аудандық полиция бөліміндегі Нұржан есімді полицейді шақырып, экс-күйеуінің үстінен шағым жазған. Полицей ертең келемін деп, сол күйі хабарсыз кетті, дейді Индира. Дәл полицей келмеген күні дүкенде жарылыс болған.

Бірінші кезекте көші-қон полициясы жоғарғы соттың шешімін орындаған жоқ. Ресей азаматын, яғни менің экс-күйеуімді депортацияламады. Екінші кезекті Алатау аудандық полиция бөліміне наразымын. Менің шағымыма құлақ аспады. Бір айда маған бес рет ота жасалды. Екі аяғымның терісін алып, күйген жерлерге салды. Қолым мүлдем қимылдамайды. Қасық ұстап тамақ іше алмаймын. Бір-ақ күннің ішінде мүгедек болдым да қалдым. Осыған кім жауап береді?, - дейді жәбірленуші.

Индираның басында баспанасы да жоқ, жалғыз қызының оқуына миллиондап қаражат керек. Индира Тергеубаеваның шағымына қатысты Алматы қалалық полиция департаментіне Sputnik Қазақстан сауал жолдады. Департаменттің баспасөз қызметі тергеу жүріп жатқанын айтты.