Астанада пәтерді сатып алу құқығымен жалға алуға өтініш қабылдау басталады
Бір шаршы метрді жалдау бағасы – 1 455 теңге
Тұрғын үй қоры баспана кезегінде тұрған азаматтардан қосымша өтініш қабылдауды бастады.
Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» мекемесі 27 ақпан-3 наурыз аралығында сатып алу құқығымен жалдамалы пәтерлерді алу бойынша қосымша байқаудың өтетінін хабарлады.
Жалдамалы пәтерлер Сарыарқа ауданының «Көктал» шағынауданы, 12-95 көшесі, 12/1 үйде орналасқан. Жалпы, 50 пәтер сатып алу құқығымен жалға беріледі. 20 пәтер бір бөлмелі, 22 пәтер екі бөлмелі және 8 пәтер үш бөлмелі, - делінген хабарламада.
Тұрғын үй қорының хабарлауынша, жалдамалы пәтерді алу үшін бастапқы жарна талап етілмейді. Ал бір шаршы метрді жалдау бағасы – 1 455 теңге. Пәтер 20 жылға дейінгі мерзімге жалға беріледі. Тұрғын үй жалға алу мерзімі өткеннен кейін жалға алушының меншігіне өтеді.
Өтінішті «Тұрғын үй қоры» КММ сайтында беруге болады.
Баспана тұрғын үй кезегінде тұрған білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қорғау саласының мамандары мен полиция және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне беріледі.