«Пияз экспортына уақытша тыйым салынды»: министр қазақстандықтарды сабырға шақырды
Ербол Қарашөкеев Қазақстанда пияз бағасының тұрақталғанын айтты
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанда пияз қоры жеткілікті екенін айтып, халықты сабырға шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Министрдің айтуынша, былтыр 1,2 млн тонна пияз жиналды. Оның 1 млн тоннасы Жамбыл облысында өндірілген.
Бізде пиязды тұтыну көлемі – 300 мың тонна. Пиязды экспорттау мүмкіндігіміз бар. Алайда алдымен ішкі нарықтағы сұранысты өтеу керек. Пиязға қатысты жағдай тұрақталды. Бүгінде Қазақстанда 70 мың тонна пияз қоры бар. Оның 30 мың тоннасы Жамбыл облысында, - деді Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысынан соң.
Ведомство басшысы Қазақстанда пияз экспортына уақытша тыйым салынғанын ескертті.
«Жамбыл облысында пияздың бір келісі – 200 теңге, ал Астанада 260-300 теңге шамасында. Дүкендерде 300-360 теңге аралығында. Пияздың бағасы бастапқы құнына да байланысты. Баға тұрақталды, жағдай бақылауда. Пиязды экспорттауға уақытша тыйым салынды. Қысқасы, пиязсыз қалмаймыз», - деді Ербол Қарашөкеев.