×

Премьер-министр халықты газбен қамтамасыз ете алмай отырған облыс әкімдерін сынады

Үкімет басшысы мәселені 1 мамырға дейін шешуді тапсырды

 Дәурен Ерболат 22.02.2023 | 12:00
photo / Алиакпар Қадырбаев

Премьер-министр Әлихан Смайылов газ тартылмаған өңірлерді атап, әкімдердің жұмысын сынға алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Астана қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстарының тұрғындарын газбен қамту жұмысы өте төмен деңгейде. Бұл өңірлердегі тұрғындары газ тарату желілері жоқтығын, рұқсат құжаттарын алу қиындығын және газ қосу қымбат екенін айтып шағымданады. Бұл мәселе газбен қамтылған басқа өңірлерге де қатысты», - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы қай өңір тұрғындарынан шағым түсіп жатқанына тоқталды.

Мәселен, Алматы облысына қарасты Биғаш ауылында тұрғындарға газ жеткізуге 10 жыл бойы уәде беріліп келеді. Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Алшалы ауылының тұрғындары да   бірнеше жылдан бері көгілдір отын күтіп жүр. Батыс Қазақстан облысы Зеленое ауылында газ 2014 жылы жеткізілген, бірақ осы күнге дейін газ тек әкімшілік ғимараттарға қосылған, - деді премьер-министр.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, ауылдарды айтпағанда, қала тұрғындарын да газбен қамтамасыз етуде проблемалар бар.

«Салдарын өздеріңіз көріп отырсыздар, Астана әлі де көк түтінге көміліп, ауаның ластану деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр. Алматыда екінші жылу электр орталығында жаңа бу-газ қондырғысын салу мерзімі кейінге шегеріліп отыр.

Өңір әкімдері мен QazaqGaz компаниясы осы мәселелерді ерекше бақылауына алуы керек. Халықпен етене жұмыс істеп, барлық мәселені шешу керек», - деді Смайылов.

Үкімет басшысы барлық өңірді газбен қамтамасыз мәселесі бұрыннан айтылып келе жатқанын, алайда нәтиже жоғын атап өтті.

«Мемлекет басшысы еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандырудың тиімді нұсқасын таңдауды тапсырды. Бұл өңірлердің тұрғындары газды көптен күтіп жүр. Ал, біз қай нұсқаны басшылыққа алуымыз керек – бұл туралы Энергетика министрлігі мен QazaqGaz компаниясында әлі күнге дейін нақты жауап жоқ. Бұл мәселеге нүкте қоятын уақыт жетті.

Сондықтан Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, қарастырылып отырған нұсқалар бойынша 1 мамырға дейін түпкілікті шешім дайындауы қажет. Содан кейін оны энергетикалық кеңес отырысында қараймыз», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама