Киіз үйді Түркияға жөнелткеннен кейін ел ішінде де сұраныс арта бастаған

Еркеғали Болатұлы

Шеберханадағылар күн жылынғанша 70-80 данасын жасап шығармақ

фото: instagram.com/nurbek_bekbau

Түркияда жер сілкінісінен жапа шеккендерге Қазақстаннан жіберілген киіз үйлердің біразы Жетісу облысы Көксу ауданының Мұқыр ауылында жасалған. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы хабарлады.

Киіз үй жасап жатқан ол өндіріс орнында қазір 30 адам жұмыс істейді екен. Темірден түйін түйген шеберлер күніне 3 үй құрастырады. Уығын иіп, керегесін дәнекерлеп, жабындыларын да тігеді. Бұл ретте шаңырақ пен керегені дәнекерлеп, уығын ию – Азат Бағдаттың міндеті. Темір ұстасы күніне бір үйдің бөлшектерін дайындайды.

Ал жабындыларына киізбен қатар мақта және су өткізбейтін брезент қолданылады екен. Ою-өрнектері арнайы тапсырыспен матаға басылады.

Шыдамдылығы былай бірнеше жылға кете береді. Бір қазақы үйге 150 метр жабынды кетеді. Біз 8 метрлік, 10 метрлік үй жасап жатырмыз, - дейді шеберхана меңгерушісі Жолдыхан Зияутдинқызы.

Өндіріс орны 7 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Түркияға ондағы шеберлердің қолынан шыққан 34 киіз үй жіберілген.

Заман талабына сай бейімделген тауарға әлі де тапсырыс көп көрінеді. Енді шеберханадағылар күн жылынғанша киіз үйдің 70-80 данасын жасап шығармақ.