Олардың Қаңтар оқиғасына қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр
«Айшуақ-Жантүгел» ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін құрықтау бойынша арнайы операция өтті.
26 наурызда ішкі істер министрлігі ҰҚК және БП-мен бірлесіп, сондай-ақ арнайы жасақ бөлімшесінің қатысуымен Алматы қаласында әрі Алматы облысында арнайы операция барысында бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапқа тартылған «Айшуақ-Жантүгел» ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелерін ұстады, – дейді полиция.
Жүргізілген арнайы операция нәтижелері бойынша, құрықталғандардан екі «Калашников» автоматы, бес аңшылық келте мылтық, екі жауынгерлік тапанша, «Калашников» пневматикалық автоматы, «Ф-1» қорғаныс қол гранатасы, оқ өтпейтін екі кеудеше, аңшылық пышақ, түрлі калибрлі 350-ден астам оқ-дәрі, 5700 доллар, 107 мың теңге қаражат тәркіленді.
«Қазір ұсталған адамдардың өзге де ауыр және аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде қаңтар айының басында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде жасалған қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр», – делінген ақпаратта.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа да қатысушыларын анықтау мен құрықтау бойынша жұмыс жалғасуда. Ұсталған адамдарға қатысты «қамау» бұлтартпау шарасы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.