Қостанайда да «Сергек» камералары болады

Дастан Жұмабекұлы

Биыл жыл соңына дейін қалада жаңа видео-фототіркеу жүйесі іске қосылады

фото: ашық дереккөз

Астана мен Алматыда және еліміздің басқа да қалаларында тәртіп сақшыларының көмекшісіне айналған «Сергек» камералары Қостанайға да орнатылуы мүмкін. Бұл туралы «Көркем Телеком» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Арман Әлмереков Қостанай облысын цифрландыру саласына қатысты жиынында айтты.

Оның айтуынша, биыл қаланың 10 қиылысы пен 50 желілік учаскеге фото-бейне тіркеу жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Жиында ол ІТ-компаниялар мен  байланыс операторлары өкілдеріне «Сергек» автоматты тіркеу жүйесін таныстырды.

Қазір мемлекет пен бизнестің әріптестігі жобасы бойынша конкурс болып жатыр. Бізідң компания осы конкурсқа қатысу үшін өтініш берді. Егер конкурстан өтетін болсақ, әзірлеген жобамызға сай Қостанай қаласына 1000 жалпы бейнебақылау камерасын және қиылыстар мен желілік учаскелерге «Сергек» видеотіркеу жүйесін орнатамыз. Бейнебақылау камераларын полиция департаменті қай жерге орнату керектігін өздері шешеді. Көп жағдайда мектептер мен қоғамдық орындарда орнатылады, – деді Арман Әлмереков.

Биыл жыл соңына дейін қалада жаңа видео-фототіркеу жүйесі іске қосылады. Бұл жүйе жылдамдықты асыратын, «Stop» сызығынан асып кететін және бағдаршамның қызыл түсін елемейтін көлік иелерін анықтайды.