×

Өзге ұлт өкілдері балаларының қазақша білгенін қалайды – сарапшы

Соңғы жылдары қазақ тілін меңгеруге деген сұраныс артқан

 Дәурен Ерболат 21.02.2023 | 13:16
Фото: ОКҚ

Қазақстанда аралас балабақшада 217 мыңнан аса бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Олардың ата-анасы балаларының қазақша білгенін қалайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі «Балаларды ерте дамыту институты» директоры Манара Адамова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Институт басшысының айтуынша, елімізде мектепке дейінгі 11 104 ұйым бар. Оған балабақшалар мен шағын орталықтар да кіреді. Онда 1 миллионнан аса бала тәрбиеленіп жатыр. Балабақшалардың 70%-ында қазақ тілінде тәрбие береді.

Қалған 30%-ы аралас балабақша болып саналады. Онда 217 мыңнан аса бала бар. Бүлдіршіндердің басым бөлігі қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшаларға барады, - деді Манара Адамова ОКҚ-де баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ директор аралас балабақшада да қазақ тіліне сұраныс жоғары екенін атап өтті.

«Соңғы жылдары қазақ тіліне сұраныс бар. Әсіресе, жас ата-аналар тарапынан сұраныс көбейіп жатыр. 2022 жылы жаңа оқу бағдарламасы әзірленді. Онда әрбір жас тобына арналған сөздік минимум бар. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева айтты... Мысалы, 3 жастағы бүлдіршіннің сөздік қорында қазақ тілінде 30-300 сөз болуға тиіс, ал мектепке баратын 5 жастағы бала 3-4 мың сөз білуі керек», - деді институт басшысы.

Сөз соңында Манара Адамова аралас балабақшада көбінесе өзге ұлт өкілдерінің балалары тәрбиелетінін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін 2028 жылы балабақша кезегі мәселесі толық шешілетіні хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама