Ақылбек Рысқалиев пен Өміртай Адамовқа қатысты сот үкімі өзгертілді
Апелляциялық сотта Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Хаменовамен бірге сотталған мәдениет басқармасының басшысы болған Ақылбек Рысқалиев пен «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовқа қатысты сот үкімі өзгертілді.
Сот алқасының шешімі бойынша Рысқалиев және Адамовқа қатысты сот үкімі өзгертілді, ал Хаменоваға қатысты сот үкімін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіздер болмағандықтан өзгеріссіз қалдырылды, - делінген Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Апелляциялық сатыдағы сотта Рысқалиев Хаменоваға бағынышты бола тұра, оның тапсырмасы бойынша пара алуға ықпал еткені анықталды.
Хаменова пара алуы үшін оған жағдай жасаған. Өміртай Адамовпен тығыз байланыста болып, ескерткішті орнату үшін ақшалай қаражат бөлу тұрғысынан қалалық мәдениет бөлімінің басшысы және бухгалтерімен келіссөздер жүргізіп, шарт жасасу процесін жеделдету, ескерткішті орнатуға бюджеттен қаржы алу, сондай-ақ бөлінген қаражатты ЖШС шотына аудару жөнінде шаралар қабылдаған.
4 500 000 теңге мөлшеріндегі пара сомасы Хаменоваға арналған, ол бұл сомадан үлесін алуы туралы келіспеген. Сондықтан Рысқалиевтің әрекеттері пара алуға жәрдемдесу ретінде қаралды, - делінген сот таратқан ақпаратта.
Рысқалиевтің жауапкершілігін едәуір жеңілдететін ерекше жағдайларды ескеріп (қылмыстық құқық бұзушылықтың ашылуына ықпал етті, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да қатысушыларын әшкереледі, асырауында 4 жас баласы бар), тағайындалған жаза 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді.
Адамовқа қатысты оның жауапкершілігін едәуір жеңілдететін ерекше жағдайларды ескеріп (егде жасын (65 жаста) және асырауында төрт және үш кәмелетке толмаған баласы бар 2 кәмелетке толған бала кезінен мүгедек балалардың болуы), тағайындалған жаза 1 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді.
БІРІНШІ САТЫДАҒЫ СОТ ҮКІМІ
2022 жылдың 15 қарашасында Бақытгүл Хаменоваға сот үкімі шықты. Сот үкіміне сәйкес, Бақытгүл Хаменова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде 3 жылдан кейін өтейді. Хаменова сот залынан үйіне жіберілді. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев те 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов 4 жылға сотталды.
2022 жылдың желтоқсанында Атырау қаласының №2 сотына Бақытгүл Хаменовадан, оның адвокаты Игорь Вранчевтан, Өмірбек Адамовтан, оның адвокаты К. Адамовадан және Ақылбек Рысқалиевтың адвокаты Нұрбол Жолболовтан апелляциалық шағым түсті.