×

«Мәйітті өртеп, көміп тастаған»: Жетісу облысында жасөспірімді зорлаған ер адамға сот үкімі шықты

Қайғылы оқиға 2022 жылдың шілдесінде болған

 Халық үні 21.02.2023 | 11:18
Фото: Максим Богодвид

Жетісу облысында ер адам кәмелетке толмаған жас қызды зорлау және өлтіру фактісі бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетейік, қайғылы жағдай 2022 жылдың шілдесінде Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты Шолақай ауылында болған. Ер адам 15 жастағы қызды алдымен зорлап, кейін өлтіріп, денесін жағып жіберген.

Сотталушы Рустам Ахметовке қатысты сот үкімі облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында шығарылды.

Сот үкімін оқу барысында оқиғаның мән-жайы айтылды. Соған сәйкес, сотталушы кәмелетке толмаған жәбірленушіні зорлап, кейін қылмыстың ізін жасыру мақсатында жәбірленушіні ауылдың шетінде орналасқан иесіз бос қалған фазенда маңына автокөлігімен апарған.

Содан кейін сотталушы сөйлесу үшін жәбірленушіні автокөлігінен алдап шығарған. Осы уақытта сотталушы қыздың көкірек тұсынан 3 мәрте пышақ сұққан. Алған дене жарақат салдарынан жәбірленуші оқиға орнында қаза тапқан. Ары қарай сотталушы фазендада орналасқан тұрғын үйдің шығыс бөлігіндегі жерді қазып дәлелді жою үшін мәйітті тастап, оны өртеп, көміп тастаған, - делінген соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыны қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) және 120-бабы (зорлау) бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленуші тарап мемлекеттік айыптаушының сөзімен келісті.

Соттың шешімімен  Рустам Ахметов тағылған айып бойынша кінәлі деп танылып, жазаның жиынтығы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төтенше мекемесінде өтейді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама