×

«Спамшыларды 21-ші портты сұрағаннан-ақ білеміз». Қазақстанда бұлт технологиясы қалай дамып жатыр

Отандық провайдерлер шетелдіктен әлдеқайда жылдам істейді

 Ербол Тұрымбет 21.02.2023 | 10:05
Коллаж: Halyq Uni

IT мамандарының сөзіне қарағанда, әлемде компаниялардың 95%-ы бұлт технологиясына көшкен. Қазақстан нарығы шамамен 2,5 млрд теңгеге бағаланады. Оны игеруге толық мүмкіндік бар және бұл нарық жыл сайын 40% өсіп жатыр. Бұл туралы сала өкілдері Мемлекеттік техникалық қызметтің ютуб арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұлт провайдері жобасының жетекшісі Мұрат Кенебаевтың айтуынша, көптеген бизнес өкілі серверді сатып алып, шығынын үнемдедім деп ойлайды. Шындығында олай емес, керісінше, ұлғайтып алады. Сондай-ақ, оның сөзінше, DDoS-шабуылдар провайдерлерге де жасалады. Бірақ оған сақтық шаралары қарастырылған.

Егер қазақстандық компания Қазақстан нарығында қазақстандық қолданушымен жұмыс істеп жатса, бизнесі де елде болса, онда бұлт қызметін ұсынатын қазақстандық провайдермен жұмыс істеген ақылға қонымды болады. Бұл жерде бірнеше критерийді атап өткім келеді: қаржы, заңнама және көздеген мақсаты. Тағы бірі – жылдамдылық. Айталық, егер ресейлік не шетелдік провайдер қызметін қолдансаңыз, сіздің серверіңіз біздегідей жылдам істемейді. Бір осында желілерімізді таратып орнығып алғанбыз, сондықтан біздің қызметіміз жылдамырақ болады, – дейді Мұрат Кенебаев.

Сондай-ақ, сала өкілдерінің айтуынша, тағы бір маңызды мәселе, техникалық қолдау жағын да ерекше айту керек. Егер серверде оқыс жағдай болса, Amazon-нан көңілге қонымды жауап алу қиын. Оның өзінде түсініксіз жауап қайыруы мүмкін. Ал отандық бұлт технологиясы өкілдерінің артықшылығы, олар елде отырады. Сондықтан клиенттері де қалаған уақытта хат жазып немесе жолығып, мәселесін тікелей шеше алады.

Сондай-ақ заңды жауапкершілік жағы да жақсы қарастырылған. Мәселен, жергілікті провайдермен келісімшарт жасасқан кезде онда провайдердің жауапкершілігі нақты көрсетіліп тұрады. Ал сіз Amazon-ға картаңызбен ақысын төлегеніңізбен, олардың тарапынан ешқандай жауапкершілік не өтемақы қарастырылмаған. Тіпті, Amazon-ның келісімшартын қарасаңыз онда «сіздің виртуалды машинаңызда бір жағдай болып қалса біз оны қалпына келтіруге кепілдік бермейміз» деп көрсетіп қойған, – дейді Мұрат Кенебаев.

Ал отандық провайдерлер ол үшін жауап береді. Егер күтпеген жағдай бола қалса, ақшалай төлеп беруге де бар.

Осындайда серверін орнататын клиенттер арасында жымысқы ойын іске асырғысы келетіндер де болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, олардың не істеп отырғаны бақыланады. Әлбетте, сервердің ішінде не бар екенін ешкім білмейді. Бірақ белсенділігі мен трафигін көрініп тұрады. Диск белсендігілі, секунд ішіндегі операциялар саны дегендердің бәрі тыс қалмайды. Мұндайда проблемалы машиналар бірден байқалатынын айтады.

Яғни, серверлердің қандай да бір жымысқы ойы болса олардың ішкі мазмұнына үңілмей-ақ, жұмыс тәртібінен түсінікті болады. Мысалы, спам жіберетіндер техникалық қолдау қызметінен «21-ші порт ашық па?» деп сұрайды. Мұндайда клиентке спам-хабарламаларды мақұлдамайтынымызды бірден айтамыз. Сондықтан егер ондай заңсыз әрекет байқалатын болса, онда сервер ақшасы қайтарылмастан дереу жабылады, – дейді Павел Федотов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама