Былтыр 22 мыңнан аса адам Қазақстан азаматтығын алды
Елімізге келіп, тұрақтап қалғысы келетін шетелдіктер көбейіп жатыр
Былтыр 22 мыңнан аса адам Қазақстан азаматтығын алды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ведомствоның апталық брифингінде еліміздің азаматтығын жыл сайын 20 мыңға жуық адам алғысы келетіні айтылды.
ІІМ-нің хабарлауынша, еліміз тәуелсіздік алған кезден бері Қазақстан азаматтығын 1 миллионнан аса адам алған. Былтыр 22 мың адам ел азаматы атанды. Президенттің жарлығымен 1 375, жеңілдетілген тәртіппен 20 мыңнан аса адам азаматтық алды. Оның ішінде 17,5 мыңнан астамы қандас (17 676), Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы азаматтыққа қабылдаудың жеңілдетілген тәртібі туралы келісім бойынша 1 287, тұрмысқа шыққан әйелдің азаматтығы туралы конвенция бойынша 1 777 адам Қазақстан азаматы болды.
ІІМ БҰҰ БЖКБ-ның Қазақстандағы өкілдігімен және ҮЕҰ-мен бірлесіп, екі жыл ішінде құжатсыз және азаматтығы белгісіз адамдарды анықтау және тіркеу бойынша кең ауқымды акция өткізді. Акция нәтижесінде азаматтығы, құжаттары жоқ 8 мыңнан аса адам анықталды. Оның ішінде 5 мың адам Қазақстан азаматы екенін айтты. Олардың жеке куәліктері рәсімделді. 3 мыңнан аса адамға азаматтығы жоқ адамның куәлігі берілді.