Тұрғындары жергілікті билікке нақты бірнеше талап қойды
Бүгін Атырау қаласының аумағындағы Атырау ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылының 40 шақты тұрғыны жергілікті билікке наразылық танытып, көшеге шықты. Олар бұған дейін бірқатар мәселе бойынша жергілікті әкімдікке бірнеше рет жүгінген, бірақ нәтиже болмаған.
Жаңаталап ауылында бүгінде 3500-нан астам тұрғын тұрады. Ауылда бұрыннан ел бар, тек 2011 жылдан бастап оның бос жатқан аумағынан қалалық әкімдіктен жер кезегінде тұрған халыққа тұрғын үй салу мақсатында жер телімдері беріле бастады.
Осылайша әуелі жер беріліп, инженерлік инфрақұрылымдар кейінгі жылдары тартыла бастады. Бірінші болып көшіп келген тұрғындардың бірі халық бірте-бірте жиналғаннан кейін үш-төрт жылдан соң газ, жарық желілері жүргізіліп, кейін асфальт салынғанын айтады.
Енді тұрғындар жергілікті әкімдіктен ауылға маршрут шығарып, жарық пен су, интернет пен тазалық мәселелерін биылдан қалдырмай шешіп беруін талап етіп отыр.
Жаңаталап ауылының тұрғыны Зүльпат Шарапиденованың бұл ауылға көшіп келгеніне үш жыл болған. Оның айтуынша, ауылда маршруттың жоқтығынан тұрғындарға Дамбы ауылдық округіндегі басты тас жолдағы аялдамаға дейін 1,5 шақырым жол жаяу жүруіне тура келеді. Ал, балалар мектепке жету үшін 2,5 шақырым жаяу жүреді.
«Жылда қақсап келеміз, бізге ауылға маршрут керек. Қарлы, жаңбырлы күндері тіптен қиын. Өзіміз зейнеткерміз, аяғымыз ауырады. Халық саны көбейіп жатыр, ал қолайлы жағдай жасалмай отыр. Бұған дейін жеке-жеке жергілікті әкімдікке мәселемізді жеткізіп келеміз, бірақ, ешкім естімейді», - дейді ол.
Тұрғындардың тағы бірі ауылда иттер қаптап кеткенін жеткізді.
Ауылда ит көп. Кешке қызымның алдынан ит қауып алмасын деп күтіп алуға шығамын, - дейді бір тұрғын.
Асылхан Насиров есімді тағы бір тұрғын Жаңаталап ауылында электр қуатын үздіксіз беруге арналған трансформатордың жаңа болғанына қарамастан, қатты жел тұрса жарық жиі өшетінін айтады.
«Жаңаталапта жарық жиі өшеді. Жарық өшкен соң, жылусыз қаламыз. Үй салқындап кетеді. Одан бөлек, біздің ауылда интернет байланысы да шамалы. Жоқ десе де болады, интернет ұстамайды. Жаз шықса, су жоқ. Су арыны азайып, жылда проблемаға айналады», - дейді Насиров.
Билікке базынасын айтқан бір топ тұрғынның алдына Атырау ауылдық округінің әкімі Нұрлан Халмурзин келді.
«Жел кезінде тек біздің ауылда емес, барлық ауылда жарық өшеді», деп тұрғындардың «жарық мәселесі қалай шешіледі?» деген сауалына жауап бере бастағаны сол еді, Насиров оның сөзін бөліп:
Атырау-Жарық АҚ контролері соның ішінде біздің ауылда жарықтың өте жиі өшетінін айтады, - деді.
«Иә, қар жауып, жел тұрса, Жаңаталапта жарық сөнеді. Ауылда трансформатор мен электр желілері жаңа, сондықтан әуелі жарықтың неден өшетінін анықтау керек. Ол үшін «Атырау-Жарықпен» тікелей жұмыс істейміз. Оның қасында Атырау, Қызылбалық ауылдарында желілер ескі. Ол жерлерде жел көтерілгенде жарық өшіп тұр», - деді әкім.
Әкім биыл жаңа оқу жылына қарай (қыркүйекте) жаңа мектептің ашылатынын айтып, сол жерге қалаға қатынайтын жаңа маршрут жүретінін хабарлады.
«Жақын арада ауылға №50, 57 маршурттардың кіруін бекітеміз. Бұл маршруттар онсыз да Дамбы ауылдық округінің басты тас жолымен қатынап жүр. Тек, ауылдың ішкі көшелерімен жүрмейтінін ескертейін, ортақ көшеге кіріп шығатындай қыламыз», - деді Халмурзин.
Тұрғындар әкімнен автобус мәселесі бойынша нақты уақытын сұрап, Халмурзин алдағы аптада ауыл халқының өтініші орындалатынын жеткізді. Ал, интернет орнату үшін биыл қазан айынан бастап мұнара орнатылып, байланыс желісі жүргізілмек.
Ауылда қоқыс контейнерлері қоршалмағандықтан, қалдықтың бәрі желге ұшады екен. Әкім қоршау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқанымен, тұрғындардың бірі оның сөзін жоққа шығарды.