Сайлау науқанының үгіт кезеңі басталмай жатып насихат жүргізгендер жауапқа тартылды
Кінәлілерге 7,5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлау науқанында үгіт жұмыстарына рұқсат берілмей жатып, насихатпен айналысқандар жауапқа тартылды. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгінlде сайлау бойынша қоғамдық пікірге сауалнама жүргізудің, сондай-ақ сайлау алдындағы үгітті жүргізудің белгіленген тәртібі мен шарттарын сақтамаумен ұштасқан бірқатар заң бұзушылықтар тіркелді. Олардың біреуі елордада болған. Кінәлі адамға Астана қаласы Сарыарқа ауданы прокурорының қаулысымен қысқартылған іс жүргізу тәртібінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 120-бабы 3-бөлігі бойынша 7,5 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, - деді Жандос Өмірәлиев.
Сонымен бірге кандидаттар мен партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғанға дейін үгіт жүргізген 5 заң бұзушылық фактісі анықталғанын атап өтті.
Біреуі бойынша Талдықорған қаласының тұрғыны WhatsApp мессенджерінде үгіт жүргізгені үшін сот қаулысымен айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды. Қалғандары бойынша кінәлілерді осы баппен жауапқа тарту жөніндегі шаралар қабылданып жатыр, - деді Бас прокурордың орынбасары.
Ол анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша тиісті заңнамада көзделген құқықтық шаралар қабылданатынын ескертті.