×

«Ұстазсымақтар күш қолданған». Алматыда балаларды қорлаған діни ұйым анықталды

Мұндай пансионаттардың елдегі жалпы саны 90-нан асады

 Еркеғали Болатұлы 17.02.2023 | 14:18
фото: видеодан скриншот

«Имамдарды жолатпай, жұма намаз жабық түрде оқылды». Алматыдағы пансионаттардың бірінде тұрған жасөспірім мекеме ішіндегі астыртын әрекеттерді айтып берді, деп хабарла ды Almaty.tv.

Оның айтуынша, қайырымдылық қорына қарайтын жатақханада тіпті шетел азаматтары діни тақырыпта емтихан тапсыртқан.

«Ол жаққа барғалы имамдарды көрген жоқпын», – дейді жасөспірім.

Есімін жария ету тұрмақ, түрін көрсетуге қорыққан жасөспірім даусын да өзгертуді сұраған. Содан соң пансионат қызметкерлерінің жасырын әрекетін жасырмай айтып берген. Сөзіне сенсек, пансионат ұстаздары жабық әрі жүйелі түрде діни жоралғылар өткізген. Тіпті өзге тілде дәріс берген кездері де болған.

Жұма күні тексеріс келді. Ол күні жұма намазы оқылмады. Бізге тексеріс жайлы алдын ала ескертті. Кітаптарымызды сөреге салып, тығып қойдық, – дейді жасөспірім.

«Жағдайды бірден ата-анама айтуға о баста батылым бармады», - дейді ол. Алайда кейін шындықты жасырмай, іс насырға шаппай тұрғанда мекемеден біржола кетуді жөн санапты.

Басында баламды «ең мықты университетке оқуға түсіреміз» деп сендірген. Оған еш арам ойымсыз болған жоқ, қуандық. Кейін ұлым да, бірге кеткен 70 бала да университетте емес, медресе атын жамылған мекемеде тұратыны белгілі болды. Онда бас-көз болған ұстазсымақтар оларға күш қолданған, – дейді бір ата-ана.

Құзырлы органдар дерегінше, мұндай пансионаттар Алматыда ғана емес, елдің өзге өңірінде де бар. Жалпы саны 90-нан асады. Және барлығы бір қайырымдылық қорына қарайды. Бұған дейін олар мүфтиятпен меморандум жасасу арқылы жұмыс істеген.

Дін және заң бойынша заңсыздықтар табылып жатқаннан кейін ҚМДБ «Жібек жолы» қайырымдылық мекемесімен өзара жасасқан меморандумды тоқтатты, – деді ҚМДБ Алматы қаласы бойынша пәтуа бағытына жауапты маман Елбек Тасболатұлы.

Дінтанушының айтуынша, медресе атын жамылғандар имамды жолатпай, «үй ішінен үй тігіп», өз ережесімен жүруінің өзі – қоғамға төнген қауіп.

Дер кезінде мына дертті емдемесе, «сүлейменшілерді» қолға алмаған жағдайда олар да күш жинаған кезде шынайы бетпердесін көрсетеді. Біріншіден, діни басқармаға бағынбағаны үлкен қауіп төндіреді. Екіншіден, өздерінің жасырын құлшылығы шариғатқа қайшы болғандықтан ол да бір қауіп, – деді теолог Руслан Қайыргелді.

Қаңтар айында әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға тәртіп сақшыларының пансионаттар маңында жүргені таспаланған. Полиция департаментінің өкілдері сол кезде тексеру жүргізіліп, оқиға орнынан Қазақстанда экстремистік деп танылған және таратуға тыйым салынған материалдар табылғанын хабарлады.

Пансионаттың ішінде жасөспірімдер заңсыз діни жоралғылар және ұжымдық дұғаларға қатысқан. Ал келіспеген кішкентай балаларға қысым көрсеткен. Тамақ, су бермей, кей кезде қол көтерген. Осы деректер белгілі болғаннан кейін полиция тарапынан іс-әрекет жасалды. Қазір қылмыстық іс тергеу басқармасында, – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Полиция өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етуге жатпайтынын мәлімдеді. Бүгінде егжей-тегжейлі тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын ғана айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама