×

БҚО-да самбо жаттықтырушысы балаларға қол жұмсаған (ВИДЕО)

Ол балаларды басқа жаттықтырушыға ауысқаны үшін ұрып-соққан

 Еркеғали Болатұлы 17.02.2023 | 13:06
фото: видеодан скриншот

БҚО-да самбо жаттықтырушысы екі балаға қол көтерген, деп хабарлады «Уральская неделя» басылымы.

Шыңғырлау ауылындағы спорт мектебі оқушыларының ата-аналары самбо жаттықтырушысы Қайсар Құсайыновтың екі баланы кеудесі мен басынан ұрғанын айтып шағымданды. Ол туралы бейнежазба желіге тарап кеткен.

Белгілі болғандай, ол балаларды басқа жаттықтырушыға ауысқаны үшін ұрып-соққан. Жәбірленуші бірден полицияға арыз жазған. Ал жаттықтырушы олардың ата-аналарынан кешірім сұрады.

Кешке жұмыстан үйге келсем, баламның беті қып-қызыл. «Не болды?» деп сұрадым, бірақ ол жауап бермеді. Содан кейін қоймай, анық-қанығын сұрап білмек болғанымда, өзін жаттықтырушы ұрғанын айтты. Оның баламды ұруға қандай хақысы бар?! Ешкім баласын спортпен шұғылдануға мұғалім мазақ етсін деп бермейді. Полицияға арыз бергеннен кейін Қайсар үйге келіп, кешірім сұрады, – дейді баланың анасы Сәуле Уәлиахметова.

Шыңғырлау аудандық ПБ бастығы Сергей Астафьев бұл іс бойынша әкімшілік хаттама толтырылғанын, бірақ жаттықтырушы мен балалардың ата-аналары татуласқаннан кейін істі қарау тоқтатылғанын хабарлады.

Жағдайды Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Жеңіс Нығметуллин де түсіндірді. Ол қызметтік тексеру жүргізілетінін, соның нәтижесі бойынша тиісті шара қабылданатынын уәде етті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама