×

Биыл Алматыдағы Абай даңғылы қала шекарасына дейін ұзартылады

Оған қоса Наурызбай ауданында 6 мектеп пен 2 емхана салынады

 Дастан Жұмабекұлы 17.02.2023 | 10:32
фото: ашық дереккөз

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесіп жатыр. Кездесуде қала әкімі жол мәселесі туралы айтып, биыл жыл соңына дейін Абай даңғылының қаланың шекарасына дейін ұзартылатынын атап өтті.

Оның айтуынша, былтыр Ақжар шағын ауданында 10 шақырым жол және Ақжар, Қарағайлы мен Шұғыла шағын аудандарының 12 көшесінде 8 шақырым тротуар салынды. 23 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді.

Биыл Ақжар және Шұғыла шағын аудандары бойынша 20 көшеде 16,4 шақырым жол салынып, 21 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Ал көптің көкейінде жүрген Абай даңғылын ұзарту мәселесіне келгенде ол биыл қаланың шекарасына дейін ұзартылатынын айтты.

Қазір жер телімін сатып алу және алып қою жұмыстары болып жатыр. Бұған қоса, осы айда Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жобасына мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шығуға тиіс, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ ол Наурызбай ауданында тағы 6 жаңа мектептің салынатынын атап өтті.

Былтыр біз Қалқаман мен Шұғыла шағын аудандарында 5100 орындық 4 мектеп аштық. Сіздердің аудандарыңыздағы тұрғын үй құрылысының қарқынын ескере отырып, тағы 6 жаңа мектепті жобалау және салу жұмыстары болып жатыр, – деді ол.

Оған қоса әкім Наурызбай ауданында екі жаңа емхананың салынатынын тілге тиек етті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама