Қазақстанда eGov Mobile қосымшасын айына шамамен 2,4 млн адам пайдаланады

Халық үні

Айына шамамен 50 мың мемлекеттік қызмет көрсетіледі

Фото: ашық дереккөз

Қазақстандықтар 2022 жылдан бастап сот кабинетіндегі шағым мен өтінішке eGov Mobile қосымшасы арқылы қол қоя алады. Бұл Жоғарғы соттың сот кабинетінде QR-код арқылы деректерді растап, қажет ақпаратты алуға, арыз-шағымды сот органдарының ғимаратына бармай-ақ тіркеуге мүмкіндік береді.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мобильді қосымшаның мүмкіндігін арттырып, азаматтарға мемлекеттік қызметтің барынша жылдам әрі жеңіл көрсетілуіне жағдай жасап жатыр. Осылайша, eGov QR арқылы сот кабинетінде үйден шықпай-ақ құжаттарға қол қойып, деректерді растауға болады.

Айта кетейік, eGov Mobile қосымшасында 676 жуық мемлекеттік қызмет бар. Оның ішінде eGov.kz порталындағы 202 қызмет, e-license порталының жеке тұлғалаға арналған 474 қызметі қамтылған.

«Электронды үкімет» порталының хабарлауынша, ай сайын қосымшаны шамамен 2,4 млн қазақстандық пайдаланады. Осы аралықта шамамен 50 мың мемлекеттік қызмет көрсетіледі. 

Мемлекеттік органдар мен азаматтардың арасындағы байланысты орнату, тұрғындардың өтінішіне дер кезінде назар аударуға бағытталған жобаның бірі – eOtinish электронды жүйесі. 2021 жылы іске қосылған бұл жүйе арқылы қай мемлекеттік органның халықпен қалай байланысқа түсетінін бақылауға мүмкіндік бар. Азаматтың немесе қандай да бір ұйымның өтінішіне мемлекеттік орган 15 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті. 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басым бағыттарын атады. Оның ішінде билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз ету қажет екенін айтты. Осы бағытта іске асқан eOtinish жүйесіне азаматтар екі жолмен өтініш бере алады.

Біріншісі – азаматтың Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО), әкімдікке немесе мемлекеттік органға барып өз өтінішін қалдыруы. Бұл бағытта орталықтарда eOtinish арқылы өтініштерді қабылдаудың арнайы пункттері ашылған. Екінші жолы – өтінішті eGov порталы, eOtinish, EGOV mobile мобильді қосымшалары арқылы беру. eOtinish өтініш берушілерге құжаттың қаралу барысын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ азамат келген жауапты бағалап, жауаптың толық немесе дұрыс жауап берілмегенін көрсетіп, шағымдана алады. Азамат өтініш жазғаннан кейін хабарлама арқылы өтініштің қай сатыда тұрғанын бақылай алады.

Сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен мемлекеттік қызметтерді алу және өтініш беру үшін «Нәтиже» пилоттық жобасы іске қосылған.

Бұл жоба «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Жоба азаматтардың өтінішін қабылдап, өтініш беруші көтерген мәселесі бойынша консультация өткізуді қамтиды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметті бір жерде көрсетеді. «Нәтиже» пилоттық жобасы өңірдің әрбір тұрғынына өтінішін тіркеп, әкімге және жергілікті атқарушы органдардың бөлім басшыларына жеке қабылдауға жазылуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2022 жылы «электрондық үкімет» порталы арқылы 43 миллионға жуық қызмет көрсетілді.

Азаматтар жиі жүгінген қызметтер:

  • Сотталғандығы болуы не болмауы туралы анықтама беру;
  • «Психиатрия» психикалық денсаулық орталығынан мәліметтер ұсыну;
  • Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру, Жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы ақпарат беру;
  • Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер беру;
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірістерін ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат;
  • «Наркология» психикалық денсаулық орталығынан мәліметтер ұсыну;
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысы қаражатының түсуі және қозғалысы туралы ақпарат беру;
  • Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту;
  • Қазақстан Республикасының халқын тұрғылықты жері бойынша тіркеу.

2022 жылы қосылған жаңа қызметтер:

  • Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру;
  • Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат беру;
  • Еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлем тағайындау;
  • Асыраушысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау;
  • Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу;
  • Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны қабылдау (270.00 нысан);
  • Көліктің қате мәліметтерін түзету;
  • Вакцинация бойынша мәліметтерді түзету;
  • Адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәліметтер беру.

Порталдағы «Электрондық өтініштер» сервисі арқылы 2022 жылы мемлекеттік органдарға 176 мыңнан астам өтініш берілген. Оның ішінде Бас прокуратураға 24 330, Жоғарғы сотқа 2 146, полиция департаменттеріне 10 315 өтініш жіберілген.