Меркідегі оқушының жұмбақ өлімі: Марқұмның туыстары тергеу әрекетіне көңілі толмайтынын айтады
Жергілікті полицейлер «оқушы өзін-өзі абайсызда атып өлтірді» дегенге тоқтап отыр
Осыдан бес ай бұрын Жамбыл облысында мектеп оқушысы ТИР мылтығынан атылған оқтан қайтыс болған. 14 жастағы Бақдаулет Балқарбай көрші үйдің баласымен бірге мылтықпен құс атып жүрген. Артынша ауылдастың ауласында жұмбақ жағдайда оған оқ тиіп, ажал құшады. Қазір марқұмның туыстары тергеу ісінің тым созылып кеткенін айтып, әділдік іздеп жүр.
Меркі ауданында пневматикалық қарудан бақилық болған баланың жақындары қылмыстық істің әділ қаралуын талап етіп отыр. Айтуынша, көршінің үйінде көз жұмған баланы полиция «абайсызда өзін атып алды» деп жылы жапқысы келеді екен.
«Осыған дейін жасалған тергеу дұрыс жасалмаған, көңілден шықпайды. Киімдеріне ешқандай сараптама жасамаған. Одан бөлек телефон, әлеуметтік желілердегі парақшаларын, кодтарын өшіріп тастаған. «Бала өзін-өзі байқаусызда атып алған» дейді. Олай болуы мүмкін емес. Біз бұл шешіммен келіспейміз. Кінәлілер жазасын өтеуі керек», - дейді марқұмның әпкесі Балғын Балқарбай.
Бақдаулеттің туыстары «қаруды қараусыз қалдырған деп» көршісін кінәлап отыр. Қарашада қара жамылған отбасы «қылмыстық бапты қайта қарасын» деп, аудандық полиция бөліміне барды.
Жасөспірімнің өлімінен кейін жарты жылдай уақыт өтсе де, кінәлілер анықталмаған. Ал, полицейлер тергеу барысында «бала өзін-өзі абайсызда атып өлтірді» дегеннен аса алмай отыр.
Іс «абайсызда өзін өлтіру» бабы бойынша қаралды. Дәл қазір қолдағы бар дәлелдерге сәйкес, басқа баптарға ауыстыруға дәйек болмай тұр. Сондықтан экспертизаны алайық, - дейді Меркі ауданы полиция бөлімінің бастығы Сәбит Мамытбеков.
Енді Балқарбайлар әулеті тағы бір сараптаманың жауабын күтпек. Ал, мылтық иесі саналатын көршілері іс аяқталмай ештеңе айтпауға бекінген. Олар «балалар бір-біріне мылтық кезенбеген, бұл - жазатайым жағдай» деп отыр.