Қаланы толығымен табиғи газбен қамту 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған
Астана қалың түтіннен арыла алмай жатыр. Өйткені мұнда әлі пеш жағатын жер үйлер көп. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Экологтардың айтуынша, көмір жағатын Астана, Қарағанды, Жезқазған сияқты қалаларда тыныс алуында проблемасы жетерлік адам саны жыл сайын көбейіп жатыр. Өйткені көмірден шығатын улы химикат өте қауіпті. Астана жазық жерде орналасқандықтан ғана жел болмаса, көк түтіннің астында қалудан аман тұр. Ал қазір мұндағы желдің азаюына соңғы уақытта бейберекет салынып жатқан құрылыс та себеп екен.
Қаланы жоспарлаған кезде жел бағытын ескеру керек. Қаланың ішінде жел өтетін дәліздер болу маңызды. Сондықтан қаланы жоспарлау мәселесінде біздің экологиялық аспектілерді міндетті түрде ескеруіміз қажет. Құрылысшылардың кеңесі қаланы жоспарлағанда экологтарды шақыруы керек, - дейді эколог Лаура Мәлікова.
Дегенмен 2019 жылдан басталған газдандыру ісі толық бітпесе де жалғасып жатыр. Қазір қала ішіндегі 20 мыңдай жер үйдің 12 мыңына газ тартылған. Бағасы да арзан емес – 900 мың теңгеге дейін. Бірақ суықта дірдектеп отын тасығысы келмейтін жұрт оған қалайда көндіккен.
Әрбір газға қосылатын тұрғынға есептегіш құралы тегін беріледі. Оның құны – шамамен 150 мың теңге. Екіншіден, әкімдіктен 413 мың теңгеге дейін әлеуметтік қорғалмаған топтарға газға қосылу көмегі көрсетіледі. Үшіншіден, екінші деңгейлі банктермен арнайы меморандумға қол қойдық. Оған сәйкес бізде көп банктер ешқандай пайызсыз, алғашқы жарнасыз газға қосылу жарнасын береді, - дейді қалалық отын энергетика ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов.
Жалпы, Астананы толығымен табиғи газбен қамту 2025 жылы аяқталады деген кешенді жоспар бар. Қара түтін жұтып, одан қалды от жағудан шаршаған жұрт соны құнына қарамастан тағатсыздана күтіп отыр.