Әкімдік марқұмның отбасына көмек көрсететін болды
Таразда жойқын желдің салдарынан 12 жастағы оқушының үстіне тал құлап, жасөспірім оқиға орнында қайтыс болды.
Қайғылы жағдай 27 наурызда шамамен түскі сағат 13:00 шамасында қала орталығындағы саябақ маңында болған. Оқушы анасымен бірге автобус аялдамасында тұрған. Сол сәтте 10 метр жерде өсіп тұрған алып ағаш құлап, баланы басып қалған. Бірнеше азамат баланы алып шығып, алғашқы көмек көрсетпек болған. Оқиға орнына жедел жәрдем жеткенімен, жеткіншекті аман алып қала алмаған.
Қалалық әкімдіктің өкілі қайғылы жағдайға табиғаттың тосын мінезі себеп болғанын айтады.
«Жауын-шашынның салдарынан жер қыртысы босап, артынан ылғал қар жауды. Одан кейін жойқын жел тұрды. Осындай жағдайлардың кезінде талдың тамыры босап, тамырымен бірге қопарылған. Қайтыс болған баланың отбасына әкімдік тарапынан көмек көрсетіледі», - дейді Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатова.