Одан есірткі дайындауға арналған құрал-жабдықтар мен 8 құмыра қарасора тәркіленді
Оралда 9 қабатты тұрғын үйдің шатырына қарасора өсірген 40 жастағы ер адам ұсталды. Ол шатырға жылыжай салып, жылу мен жарық желілерін тартып алған.
Полицейлер тінту шаралары кезінде есірткі дайындауға арналған құрал-жабдықтар мен 8 құмыра қарасораны тәркіледі. Күдікті құрал-жабдықтарды, өсімдік тұқымын және бейненұсқаулықтарды интернет арқылы тапсырыспен алғанын айтқан.
Қазір полицейлер тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
ҚР ҚК 300-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазір қылмыстық істің шеңберінде тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасымен қолхат қабылданды, - деді БҚО ПД ресми өкілі Болатбек Нұрғожин.