×

Қазақстан мен Ресей арасында әлі шегенделмеген шекара учаскесі бар – ҰҚК

Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара мәселесі толық шешілген

 Дәурен Ерболат 16.02.2023 | 13:10
фото: ratel.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов Қазақстан қай елдермен шекераны шегендеу керегін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Қазір бізде мемлекеттік шекара бойынша даулы учаскелер жоқ. Біз Қытай және Қырғызстанмен арадағы шекара мәселесін толық шештік. Қазақстан мен Түркіменстан арасында тек ратификация мәселесі қалды, яғни барлық іс-шара атқарылды. Ресейге қатысты тоқталсақ, Шығыс Қазақстан облысындағы шекаралас таулы аймақта тиісті жұмысты (шегендеу) жүргізу қиындау болып тұр. Аз уақытта бұл мәселені толықтай шешуге болады», - деді ҰҚК төрағасы орынбасары Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Шекара қызметі директорының айтуынша, қазір жоспарға сәйкес жұмыстар жалғасып жатыр.

Оны уақытылы аяқтаймыз деген ойдамын. Бұл тұрғыда даулы мәселелер жоқ деп айтуға болады, - деді Ерлан Алдажұманов.

ҰҚК төрағасының орынбасары Қазақстан мен Ресейдің шекарасы 7,5 мың шақырымнан асатынын, шекараны шегендеу мәселесі алдағы уақытта аяқталуы мүмкін екенін жеткізді.

«Бұл ретте таулы аймақтағы аз ғана жер қалды. Шекара демаркациясы бойынша жұмыстың 2 кезеңі қарастырылған. Бірінші кезеңі теориялық, яғни шекараның қағаз жүзіндегі сипаттамасы жасалады. Екінші кезеңде мемлекеттік шекараға барып, нақты нүктелер белгіленеді. Аталған учаскелердегі климат жағдайын ескеріп, тиісті жұмыстар біртіндеп жалғасып келеді. Былтыр біраз жерді қамтыдық. Шамамен Ресеймен арадағы 300 шақырымға тиісті белгілер қойып шығу керек», - деді Ерлан Алдажұманов.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресеймен арадағы шекараны толық шегендеуге 2-3 жыл керегін айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама