Олар 4,5 млн теңгенің заттарын ұрлаған
Қарағанды қаласының полицейлері бірнеше пәтер ұрлығын жасаған күдіктілерді ұстады.
14 ақпан күні полицияға 33 жастағы қала тұрғыны хабарласып, белгісіз адамның үйінен алтын бұйымдарын ұрлап кеткендігі туралы айтқан. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 680 мың теңге болған. Оқиға болған жерді тексеру кезінде күдіктілердің жеңіл автокөлікпен келіп, жатын бөлмедегі пластикалық терезені бұзып кіргендері анықталды.
Қарағанды қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция қызметкерлерімен бірігіп, қылмыс жасады деген күдікпен 38 және 39 жастағы екі азаматты ұстады. Олар айғақ заттардың да қай жерде жатқанын айтып берді.
Одан кейін полицейлер күдіктілердің тағы 4 қылмысқа қатысы бар екенін анықтады. Олар пәтер ұрлықтарын тек Қарағанды қаласында ғана емес, оған жақын маңайдағы қалаларда да жасаған. Күдіктілер ұрлық жасаған барлық жерде жер үйлерге ұрлыққа түсіп, пластикалық терезелерді бұзып, ақша, тондар мен алтын бұйымдарды әкетіп отырған. Ұрланған алтындарды ломбардқа сатқан. Ұрлықтан келген жалпы шығын 4,5 млн теңге болған.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.