×

Алматыда аударыспақ ойынын дамыту және насихаттау жоспары талқыланды

Жиын барысында федерациясының жаңа президенті таныстырылды

 Халық үні 16.02.2023 | 11:02
Фото: Аударыспақ федерациясы

Алматыда аударыспақ федерациясының бірінші съезі өтті. Жиынға аударыспақ республикалық қоғамдық бірлестігі командаларының өкілдері, төрешілер мен өңірлердегі өкілдері қатысты. Съезде елімізде ат спортын насихаттауға қатысты маңызды мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Іс-шараға «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директоры Бақдәулет Сәбитов қатысты.

Съезге қатысушыларға аударыспақ республикалық қоғамдық бірлестігі федерациясының жаңа президенті Марат Жұман және оның командасы таныстырылды. Олар съезд қатысушыларына өздерінің жұмыс жоспары туралы ақпарат берді.

«Аударыспақты Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде дамыту ұсынылды. Сондай-ақ аударыспақты дамыту және насихаттау бойынша презентация көрсетілді. Федерация командасы 2023 жылдан 2027 жылға дейінгі іс-шаралар, бағдарламалар, турнирлер күнтізбесін дайындады. Съезге қатысушыларға спортшылардың логотипі, стилі мен формасының жаңа нұсқалары ұсынылды», - деді федерация өкілдері.

Сонымен қатар жиында федерацияның үш комитетіне төрағалар сайланды. Сайлау қорытындысы бойынша Нұркен Байборин тәртіптік комитеттің төрағасы болды, Жанбатыр Бекмұрзаев төрешілер комитетінің төрағасы болды және атқарушы комитеттің төрағасы болып Сұлтан Хандуллаев сайланды.

Кездесу аясында Шымкент қаласында 20-23 наурыз аралығында өтетін Азия кубогы мәселесі де қозғалды. Сондай-ақ ғылыми-әдістемелік комитет құру туралы ұсыныс жасалды.

Айта кетейік, бұған дейін елордада Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының 2023 жылға жұмыс жоспары бекітілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама